Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Президент: «Ауылды дамытуға басымдық беріледі»

Президент ауылды дамыту үшін инфрақұрылымды жаңғырту мен бизнесті қолдауға басымдық беру қажет екенін айтты. Барлық мемлекеттік қолдау бағдарламаларын бір жүйеге біріктіріп, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға күш салу міндеттелді. Шалғай елді мекендерде пошта бөлімшелерінің үздіксіз жұмыс істеуі Үкіметке тапсырылды.

Президент: «Ауылды дамытуға басымдық беріледі»
Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы ауылды дамытуға қатысты негізгі міндеттерді атады. Оның айтуынша, инфрақұрылымды жаңғырту мен бизнесті қолдау – басты басымдықтардың бірі болмақ.

«Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар», – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы фермерлердің және сарапшылардың көтеріп жүрген мәселелерін ашық атап өтті. Оның айтуынша, бордақылау алаңдарының бос тұруы мен малдың көрші елдерге төмен бағамен сатылуы – ауыл шаруашылығындағы шешілмеген түйткілдердің бір бөлігі ғана.

«Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет», – деді ол.

Сонымен қатар Президент ауыл халқының қаржылық және мемлекеттік қызметтерден шет қалмауы керектігін ескертті. Қазіргі таңда бұл мәселе «Қазпошта» арқылы шешіліп жатқанымен, шалғай мекендерде пошта бөлімшелерінің жұмысы үздіксіз қамтамасыз етілуі тиіс.

«Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтетінін айтты. Ол барлық қолдау шараларын бір бағдарламаға біріктіру ауыл шаруашылығын дамытудың тиімді жолы болатынын тілге тиек етті.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату