Ұлан ауданында «Қазцинк» компаниясының демеушілігімен дефектологтарға арналған кәсіби үстел сатып алынды
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті әзірлеген Қазақстандағы алғашқы кәсіби дефектолог үстелін «Қазцинк» ЖШС Ұлан педагогикалық қолдау және түзету кабинетіне сатып алып берді, деп хабарлайды newsroom.kz АltaiNews.kz-ке сілтеме жасап.
Енді Ұлан КПТК-не баратын балалар кәсіби жабдықтармен жабдықталған заманауи авторлық әдістемелер бойынша білім ала алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін ШҚУ ғалымдар тобы арнайы білім беру саласындағы тәжірибелі педагогтармен бірлесіп, «Ғылым қоры» АҚ-ның коммерцияландыру жобасы байқауында жеңіске жеткен болатын. Жобаның тақырыбы – «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық дайындық пен әдістемелік-технологиялық қолдау орталығы». Жобаны Ерболатұлы Досым басқарып, команда құрамына Рауан Байчинов, Әлима Әліпова, Салтанат Әдіқанова, Мадина Ауренова және Сауле Жақыпова кірді.
Жоба аясында бес патент пен құрылғыларға арналған 14 авторлық куәлік алынды. Оның ішінде дефектологтарға арналған кәсіби үстел бар, ол логопедтер мен дефектологтарға көмекші ретінде авторлық бағдарламалар-симуляторлар орнатылған сенсорлы монитор мен қағаз және ағаш түрінде дайындалған әдістемелік құралдарды қамтиды. Отандық өнімнің артықшылықтары – үстел элементтерінің автоматтандырылған баптаулары, қазақ және орыс тілдерінде арнайы ұйымдар мақұлдаған әдістемелік ресурстармен толықтай жабдықталуы.
Жобаның әзірлеуші командасы ШҚО Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышевамен бірге дефектолог үстелін қолдану бойынша шеберлік сабағын өткізді. Педагогтар жаңа жабдықты жоғары бағалап, оның балаларды тиімдірек түзетуге мүмкіндік беретінін атап өтті, - деп бөлісті Әлима Әліпова.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелері экономика мен ұлттық ғылым жүйесінің кезең-кезеңімен трансформациялануында аса өзекті екенін атап өткен болатын.