Жаңалықтар

Пойыздарда ғаламтор пайда болады: Қазақстанда жаңа пилоттық жоба іске қосылды

Заманауи спутниктік технологиялар арқылы пойыздарда ғаламторға қолжетімділікті қамтамасыз ететін пилоттық жоба іске қосылады. Бұл қызмет ең алдымен жолаушылар арасында танымал бағыттардың бірі №3/4 «Астана-Алматы» пойызында жүзеге асырылмақ

Қазақстан теміржолы (ҚТЖ) теміржол көлігіндегі жолаушыларға сапар барысында ғаламторға қол жеткізу мүмкіндігін ұсынуды көздеп отыр. Осы мақсатта заманауи спутниктік технологиялар арқылы пойыздарда интернет желісін қосуға бағытталған пилоттық жоба іске қосылмақ. Алғашқы кезеңде бұл қызмет жолаушылар арасында танымал №3/4 «Астана–Алматы» бағытындағы пойызда сынақтан өткізілетін болады. 

Жоба аясында спутниктік технологияларды қолдану арқылы поезд ішінде WhatsApp, YouTube сияқты қосымшалар мен бейнемазмұндарды еркін көруге мүмкіндік беріледі. Алайда, торрент және файлдарды жүктеу сайттарына шектеу қойылатыны хабарланды. Техникалық қолдауды Қазақстандағы OneWeb-тің ресми серіктесі Jusan Mobile жүзеге асырады.

Ғаламтор қызметімен қатар, жоба шеңберінде жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін арттыру және пойыз бригадасының жұмысын жеңілдету үшін бірқатар заманауи технологияларды сынақтан өткізу жоспарлануда:

  • Жолсеріктердің мобильді құрылғылары: билеттерді тексеруді жылдам және ыңғайлы ету мақсатында;
  • POS-терминалдар: вагон-мейрамханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мүмкіндік беретін құрылғылар;
  • Бейнетіркеуіштер: пойыз басшыларына қызмет көрсету кезінде қауіпсіздік деңгейін арттырып, ашықтықты қамтамасыз етеді;
  • Бейнебақылау жүйелері: вагондардағы жағдайды бақылауды күшейту үшін орнатылады.

Пилоттық жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, Қазақстанның өзге бағыттарындағы пойыздарда да ғаламтор қызметін дамытуға жол ашылады. Бұл, бір жағынан, жолаушыларға сапалы байланыс пен ыңғайлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп, екінші жағынан, теміржол саласында инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етпек.