Балалардың игілігі – мемлекеттің басты міндеті
Еліміздің өңірлерінде 20 психологиялық қолдау орталығы ашылып, 242 мыңнан астам оқушы мен ата-анаға көмек көрсетілгенді туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді деп хабарлайды newsroom.kz
Қазақстанда балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа заңнамалық және стратегиялық шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығына айналды.
«Елдегі әрбір баланың бақытты және қауіпсіз балалық шағы болуы тиіс», – деп атап өтті Президент.
Балаларды қолдаудағы негізгі қадамдар
Заңнамалық өзгерістер:
Балаларға қатысты құқық бұзушылықтар үшін жаза қатаңдатылып, кәмелетке толмағандарға жәбір көрсеткендерге әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Бұған қоса, балаларды қоғамдық көліктерден түсіріп кетуге тыйым салынды.
Тәлімгерлік институты:
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету үшін арнайы тәлімгерлер институты құрылды. Бүгінде 330-дан астам бала тәлімгерлік көмекті алып, әлеуметтік бейімделуге мүмкіндік тапты.
Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік:
2025 жылдан бастап мектептер мен колледждерге «111» байланыс орталығына жедел хабарласу үшін QR-кодтар енгізілді. Биылдың өзінде 17 400 бала осы желі арқылы көмек сұраған.
20 мыңнан астам білім ордасы бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, Жедел басқару орталығына қосылған. Барлық мектептерде дабыл түймелері мен турникеттер орнатылып, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген.
Отбасылық қолдауды күшейту:
Елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім 17 660 бала қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. 2024 жылы 3 мыңнан астам бала жаңа отбасын тапса, 2025 жылдан бастап кәсіби қабылдаушы отбасылар институты енгізіледі. Бұл қиын жағдайға тап болған балаларды үй жағдайында қолдауға бағытталған.
Мектепке дейінгі және орта білім беру:
2024 жылы ашылған 627 балабақшаның нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балалардың 93,1%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш ауысымды оқу мәселесін шешу үшін 105 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2024 жылы қосымша 257 мектеп ашылып, 373 мың орын жасақталды.
Балаларға әлеуметтік қолдау
Тегін тамақтандыру:
2024-2025 оқу жылында мемлекеттік мектептердегі 1,7 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл мақсатқа 162 млрд теңге бөлінді. Ал «Жалпыға міндетті білім беру» қоры арқылы қосымша 22,5 млрд теңге қарастырылып, 510 мың бала мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтылды.
2025 жылдан бастап жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына да тегін тамақ беру көзделіп отыр.
Қосымша білім мен демалыс:
Қазіргі таңда 3,3 млн бала түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып, 2024 жылы жазда 3,1 млн оқушы 10 743 лагерьде сауықтыру демалысын өткізді.
Психологиялық және құқықтық қолдау
Буллингке қарсы күрес:
Мектептерде Kiva және ДОСБОЛLiKe бағдарламалары енгізіліп, достық пен өзара сыйластықты насихаттауда. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап балалардың жеке қауіпсіздігіне арналған сабақтар жүргізіле бастады.
20 психологиялық қолдау орталығында 242 759 оқушы мен ата-анаға көмек көрсетілді. Сонымен қатар 14,3 мыңнан астам білім беру қызметкері балалардың құқықтарын қорғау бойынша арнайы оқудан өтті.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы:
Мектеп пен отбасы арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
«Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз».
Қазақстанда балалардың жан-жақты дамып, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін заңнамалық базаны одан әрі нығайту, әлеуметтік қолдауды күшейту және барлық білім беру ұйымдарын заманауи технологиялармен жабдықтау шаралары жалғаса береді. Бұл – бүгінгі ұрпақты ертеңгі баянды болашаққа дайындаудың басты кепілі.