29 жастағы қазақстандық Apple топ-менеджері атанды
Қазақстандық азамат Ермек Әлібеков алғаш рет Apple Inc. компаниясында Орталық Азия және Армения бойынша мемлекеттік органдармен байланыс және саясат бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Ермек Әлібеков 1995 жылы 9 шілдеде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технология институтында «Инженер-урбанист және технологиялық менеджмент» мамандығы бойынша білім алып, UNIST Global Uni-Star шәкіртақысының иегері атанды. Кейін АҚШ-тағы Браун университетінде мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін қорғап, Рокфеллер қорының шәкіртақысын жеңіп алды.
Еңбек жолында Ермек түрлі елдерде беделді ұйымдарда қызмет етті. Ол «КазАльянс» ҮЕҰ бөлімшесін басқарған, халықаралық «ICON» консалтингтік ұйымында аға бизнес-аналитик болып жұмыс істеген. Қазақстанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі, Ұлттық банктің бас экономисті және Премьер-Министр Кеңсесінің жобалық кеңсесінде қызметкер болды.
Сонымен қатар, Ермек Әлібеков ҚР Энергетика министрлігіне қарасты «Мұнай және газ ақпараттық-аналитикалық орталығы» АҚ-ның бас директоры және «Ситуациялық-аналитикалық орталықтың» басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. Ол Digital Nomads IT қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Пара үстел теннисі федерациясының президенті және ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі ретінде қоғамдық қызметте де белсенді.