Алматыдағы Медеу жолында ірі жол-көлік оқиғасы: 6 адам зардап шекті
Алматы қаласында Медеуге апаратын жолда өткен түнде ауыр жол-көлік оқиғасы орын алды. Tengrinews.kz тілшісінің мәліметінше оқиға нәтижесінде 6 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды, - деп хабарлайды newsroom.kz
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазба таралды, онда көліктердің соқтығысудан кейінгі жағдайы көрсетілген.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы мынадай жағдайларда болған:
"Кia маркалы автокөлік жүргізушісі Керей-Жәнібек хандар көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Сол сәтте солтүстік бағытта келе жатқан Toyota Mark 2 көлігімен соқтығысқан. Жол апатының салдарынан екі көліктің жүргізушілері, Toyota Mark 2 көлігінің үш жолаушысы және Kia көлігінің бір жолаушысы жарақат алды," – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Барлық зардап шеккендер дереу жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Оларға медициналық тексеру және қажетті көмек көрсетілуде.
Оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарын Алматы қаласының Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бастады. Жол-көлік оқиғасының нақты себептері анықталып, құқықтық баға берілмек.
Құзырлы органдар көлік жүргізушілеріне жолда сақтық шараларын сақтауға және жылдамдықты асырып жүргізбеуге шақырады.