Жаңалықтар

Ақмола облысындағы тас жолда болған жаппай жол-көлік оқиғасы: кімге төлемақы тиесілі

3 қаңтар күні Ақмола облысында «Астана – Щучинск» тас жолында 95 автокөлік қатысқан жаппай жол-көлік оқиғасы орын алды. 20 адам жарақат алып, медициналық көмекке жүгінді. Жолдағы апаттың бейне және фотоматериалдары әлеуметтік желілерде кең таралып, бұл туралы тіпті шетелдік БАҚ та жазды

Әлеуметтік желілердегі пікір қалдырушылар бұл жағдайды қалжыңға айналдырып, шығынды өтеуге кімнің жауапты болатынын талқылап жатты. Бұл мәселеге қатысты ZTB.KZ тілшілері сақтандыру нарығының мамандарына жүгіндік. Олардың айтуынша, жол-көлік оқиғасы кезінде автокөлікті жөндеуге төлемақы алудың бірнеше нұсқасы бар — КАСКО аясында, міндетті автосақтандыру бойынша немесе сот арқылы.

КАСКО бойынша төлемақы жүргізушінің кінәсіне қарамастан, тіпті апатқа кінәлі адам табылмаса да беріледі.

Міндетті автосақтандыру бойынша төлемдерді кінәлі тараптың сақтандыру компаниясы өтейді. Бұл төлемнің лимиті – 2 мың АЕК немесе 7,8 миллион теңге. Бұл сома зардап шеккендер арасында бөлінеді және барлық шығынды жаба алмауы мүмкін. Зардап шеккендер қалған соманы кінәлі адамнан сот арқылы талап ете алады.

Алайда Ақмола облысындағы тас жолда болған жаппай апат кезінде толық соманы талап ету мүмкіндігі өте төмен.

Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, жаппай жол-көлік оқиғасына себеп болған кінәлі жүргізушілерді анықтауы тиіс. Егер кінәлі адам табылмаса, КАСКО полисі жоқ жүргізушілер өз көліктерін өз қаржысына жөндеуге мәжбүр болады.

Сонымен қатар, жолды күтіп ұстау ұйымынан сот арқылы өтемақы талап етуге болады.

Жолды күтіп ұстауға жауапты ұйым оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соның ішінде көктайғаққа қарсы шараларды қолдануға міндетті. Егер полиция ұйымның өз міндетін дұрыс атқармағанын анықтаса, көлік иелері ұжымдық шағым бере алады. Алайда КАСКО бойынша сақтандыру төлемдерінен айырмашылығы, сот процесі ұзақ уақыт пен заңгерлік қызметке шығынды талап етуі мүмкін.

Полиция бұл оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарының әлі жалғасып жатқанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізушілердің денсаулыққа орташа зиян келтірген ЖҚЕ бұзуы бойынша бап аясында басталған. Тергеу аяқталғаннан кейін ғана шығынды кім өтейтіні белгілі болады.