Қаржы

Қазақстанда 200 ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған

Биыл 31 қазанда Астанада Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-пленарлық отырысы өтті. ,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы newsroom.mnu.kz сайтына сілтеме жасап.

Президент Тоқаев қазақ үкіметі 2029 жылға дейін 150 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартуы керек деп мәлімдеді. Бұған қоса, ЖІӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесін 20%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Бұл мақсатқа жету үшін Үкімет жанындағы инвестициялық штабқа туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін кеңейтілген өкілеттілік берілді. Бұл межеге жету үшін Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайыз өсіп отыруы керек. Халықаралық валюта қоры келесі жылғы өсім одан төмен болады деп болжаған. 

Пленарлық отырыстан 1 ай бұрын Қазақстанның инвестициялық саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. 86 миллиард доллардан астам сомаға бағаланған 200 ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар көлік, логистика, энергетика және цифрлық инфрақұрылымды жаңартуды қамтиды. Сондай-ақ, Қазақстанды Еуразияның логистикалық хаб ретінде дамыту көзделген.

Одан бөлек, жоспарға сәйкес мұнай-химия және энергетика салаларында мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға инвестициялар тарту жоспарланған. Жасыл сутегі өндірісін дамыту осы сектордың болашағы ретінде қарастырылып жатыр. 

Агроөнеркәсіптік кешенде де суармалы жерлерді кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру көзделген. Бұл бағытта шетелдік серіктестермен кооперация құру арқылы өндіріс тиімділігін арттыру жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібінде автокөлік өндірісі, құрылыс материалдары, фармацевтика және IT салаларын дамытуға басымдық беріледі делінген. Сонымен қатар, бұл секторға инновациялық технологияларды енгізу де негізгі мақсаттардың бірі саналады.

Туризм саласында Қазақстанды әлемдік деңгейдегі туристік бағыт ретінде таныту қарастырылған. Бұл бағытта 5 млрд доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Жасыл энергетика әлеуеті

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 ақпандағы №121 Жарлығымен бекітілген көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы аясында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беріліп келеді. Осыған байланысты инвестиция тарту мәселелері тұжырымдамада арнайы қарастырылған.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, елдегі жасыл энергия жобаларын қаржыландыру негізінен инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге аспақ.

«Бұл дегеніміз, инвесторлар объектілерді салуға және іске қосуға қаражат салып қана қоймай, оларды күтіп ұстау және басқару туралы шешім қабылдайды», – деп атап өтті министрлі өкілі.

Министрлік ұсынған деректерге сәйкес, қазіргі кезде республика бойынша жалпы белгіленген қуаты 2 903,7 МВт болатын 148 жаңартылатын энергия көздері нысаны (100 кВт-тан жоғары) жұмыс істейді. Олардың ішінде жел электр станцияларының 59 нысаны – 1 409,55 МВт өндірсе, 46 күн электр станциясы – 1 222,61 МВт энергия шығарады. Одан бөлек, 40 гидроэлектростанция – 269,785 МВт энергиямен қамтамасыз етсе, биогаз электр станциясының 3 нысаны – 1,77 МВт өндіріп отыр. 

«Пысықтаудың әртүрлі сатыларында Total Open, Masdar, Acwa Power, China Power International Holding және China Energy сияқты компаниялардың қатысуымен жасалған үкіметаралық келісімдер бар. Олар жиынтық белгіленген қуаты шамамен 5 ГВт жаңартылатын энергия көздерін салуды көздеп отырмыз», – деді ұлттық экономика министрлігінің өкілі.

Қаржылық қажеттіліктерге тоқталған министрлік, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін жасыл энергия өндірісіне 2030 жылға дейін 10 миллиард АҚШ доллары, ал 2060 жылға дейін шамамен 600 миллиард доллар инвестиция қажет екенін мәлімдеді.

Жалпы ішкі өнімді екі есе арттыру

KAZINVEST ұлттық компаниясы осы мақсатқа жету үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын айтты. Ол үшін Қазақ үкіметі шетелдік инвесторларға жасыл дәліз қағидасын енгізіп отыр екен. 

“Рұқсат құжаттарын алуды жеңілдететін «жасыл дәліз» қағидатын енгізу арқылы инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды көздейді. Сонымен қатар, ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылады. Бұл шаралар елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ЖІӨ-ні арттыруға ықпал етеді”, – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Алайда экономист Ерлан Каримовмұндай оптимистік көзқарас іске асуына күмәнмен қарайды.

“Президент 2029 жылға дейін ЖІӨ-ні 220 миллиард доллардан 450 миллиард долларға дейін арттыруды тапсырғанымен, Қазақстанның ішкі ресурстарымен бұл мақсатқа жету мүмкін емес. Мұнай, мыс, темір сияқты негізгі табиғи ресурстарымыз сарқылып барады. Сондықтан тек ішкі ресурстар арқылы экономиканы екі еселеу – реалистік емес. Шетелдік инвестициялар тартылмайынша, бұл жоспар жүзеге аспайды”, – дейді ол.

Halyk Finance талдау орталығы 14 маусымда талқылауға жарияланған “2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы” құжатының жобасына пікір білдірген.

“Бұл стратегиялық құжат, бұрынғы құжаттардың басым көпшілігі сияқты, үкіметтің алдыңғы инвестициялық саясаттарының орындалуына сыни талдау жасамайды, сондай-ақ жаңа тәсілдердің ескілерден қандай айырмашылығы бар екендігі нақты көрсетілмеген. Нәтижесінде, жаңа тұжырымдамада экономиканы жекеменшік инвестиция арқылы ынталандырудың бұрын қолданылған, бірақ оң нәтиже бермеген ескі әдістері ұсынылған,” – деп жазады Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов.

2029 жылға қарай 150 млрд доллар инвестиция тарту биыл ғана сөз болған жоқ. 2022 жылы Тоқаев өзінің сайлауалды компаниясында да айтқан. Ол бұл туралы 2023 жылы мамырда Қазақстан-Сингапур бизнес форумында да айтты. 

Әйтсе де, президент Тоқаев Қазақстанның Сингапур стиліндегі экономикалық реформалар жүргізетінін және жаңа инвестициялық циклді бастағанын атап өтті.

Сонымен қатар бұған дейін 2026 жылға қарай тікелей шетелдік инвестицияларды 25,5 млрд АҚШ долларына жеткізу туралы жоспар болған. Бұл 2022 жылғы 15 шiлдедегi № 482 қаулысында жазылған еді, алайда тұжырымдама 2024 жылғы 18 қазандағы № 868 қаулысымен күшін жойды. 

Қазақстанда инвестициялық климат қандай?

Қазақстан биыл IMD Халықаралық Менеджментті дамыту институтыныңәлемдік бәсекеге қабілетті елдер рейтингінде жалпы 67 мемлекет арасында 35 орында тұр. Оның ішінде «экономикалық көрсеткіштерімен» 43 орында,  «мемлекеттік қызметтің тиімділігімен» 18 орын, «бизнестің тиімділігімен» 28 орын алған. Ал «инфрақұрылым» жағынан 49 орынға жайғасқан.