“Жыл адамы- 2024” белгілі болды
«Жыл адамы – 2024» байқауының жеңімпаздарын назарға ұсынамыз,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Qazaquni сайтына сілтеме жасап.
Жылдың басты оқиғасы – Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі.
Жыл жетістігі – Жыл жетістігі Қазақстанның халықаралық сарапшылар қауымдастығы алдында «орта держава» ретінде орнығуы, бұл біздің еліміздің жаһандық үдерістердегі рөлінің артқанын және әртүрлі көпжақты форматтарда шешімдер қабылдауға ықпал ету мүмкіндіктерінің кеңейгенін көрсетеді.
Жыл датасы – 2024 жылы 16 мамырда заңға Қазақстан Азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру талабы енгізілді. Сонымен қатар ҚР Конституциясы мен ел тарихынан да сынақ тапсырады. Бұл талапты заңға ұсынған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса. Осындай өте маңызды мәселені бұған дейін парламентте ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев екі рет көтеріп, депутаттық сауал жасаған болатын.
Қазақстан Азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру – ел отыз жылдан бері күтіп келе жатқан, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңды талап.
Жыл саясаткері – Ерлан Қарин.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Қазақстанда 1929-1956 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының 2,4 миллионнан астам мұрағаттық карталарын құпиясыздандыруға көп еңбек сіңірді. Атап айтқанда, өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлығы 688 мың іс жинақталған. Бұл жұмыс Мемлекеттік кеңесші төрағалық ететін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметі аясында жүзеге асырылды. 2023 жылы Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы 31 томдық кітаптар жинағын ұсынды. Басылым Мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесі болып табылады.
Жыл жазушысы – Роллан Сейсенбай және Жүсіпбек Қорғасбек.
Роллан Сейсенбай былтыр ғана бірнеше беделді Халықаралық ұйымдардың ұйғарымымен (Америка, Англия, Германия, Франция, Италия, Испания, Украина, Жапония, Қытай және Үндістан) «Әлемнің Алтын жазушысы» атанып, Алты алаштың абыройын аспандатқан еді. Енді көрнекті қаламгер таяуда Леонардо да Винчи (Германия-Италия) атындағы сыйлықтың лауреаты болып ұлт мерейін тағы тасытты.
Жыл ақыны – Алмас Ахметбекұлы.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар талантты ақындардың бірі. «Көк тудың желбірегені» атты ел аузында жүрген әннің сөзін жазған автор осынау ғажап әні арқылы Отанымыз – Қазақстанды қастерлеуге үндеп келеді. Биылғы жылы ақын «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйымдастыруымен өткен әйгілі Жошы хан негізін қалаған Алтын Орда ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын Орданың атасы – Жошы хан» халықаралық жыр мүшәйрасының Жошы хан атындағы Бас жүлде иегері. Сондай ақын «Мың жылдық мұрат» поэмасымен Әлмерек абызға арналған халықаралық мүшайраның бас жүлдесін жеңіп алған.
Жыл режиссері – Данияр Саламат.
Режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі Халықаралық Шанхай фестивалінде үздік деп танылып, «Алтын кубок» иеленді. Туындының әлемнің ең озық 14 фильмінен озып, көрермендерді ерекше таң қалдыруы – әлемдік кинодағы тарихи жеңіс болып табылады.
Жыл актері – Бақыт Қажыбаев.
Көрерменнің ұлттық намысын оята білген тарихи телехикая «Міржақып. Оян, қазақ!» атты фильмде басты кейіпкер Міржақып Дулатұлы рөлін ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бақыт Қажыбаевтың сомдағаны белгілі.
Қазақстан киносыншылары қауымдастығы өткізген дәстүрлі «Сыншылар таңдауы – 2024» киносыйлығында аталмыш фильмнің басты кейіпкері Бақыт Қажыбаев «ҮЗДІК ЕР АДАМ БЕЙНЕСІ» номинациясын жеңіп алды.
Жыл депутаты – Ермұрат Бапи.
Ширек ғасырдай елдік мүдде бағытындағы күресте батыл әрекетімен танылған Ермұрат Бапи Парламент Мәжілісінде қоғамда әбден белең алған парақорлық пен сыбайластыққа жалғасқан әділетсіздік, заңсыздықпен тартыста, әсіресе, халықтың несібесі – жер байлығын сатқан алпауыттармен арпалыста азулы қайраткер екенін танытты. Халық қалаулысы ретінде теңдік сұрап, өзіне жүгінетін қаймана жұрттың ділгірлігін шешуде де тісқаққан маман ретінде көпшілік құрметіне бөленіп үлгерді.
Жыл әкімі – Нұрлыбек Нәлібаев.
Қызылорда аймағының тұрғындары Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлігін аңыз қылады. Мысалы, оның облыс бюджетінен бес млрд. теңге сұраған спорттық «Қайсар» клубына: «Бұл – халықтың қаражаты. Мен бес млрд. теңге төлеп футбол клубын ұстамай-ақ қояйын. Одан да осы ақшаны өз иесі – елдің игілігіне жұмсағаным жақсы» – деп кесіп айтқан әкім шешіміне қалай тәнті болмассыз!
Нұрлыбек Машбекұлы кеше ғана облыстың жыл көлемінде атқарған жұмысы жөнінде республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне есеп берді.
Жыл министрі – Саясат Нұрбек.
Ғылым және жоғары білім министрі ретінде ол ғылым мен жоғары білім саласында ауқымды реформа жүргізді. Соңғы 3 жылда ғылым саласын қаржыландыру 3 есеге, ғылыми жобаларды коммерцияландыруға бөлінген қаражат 4 есеге өсті.
Шетел университеттерімен ынтымақтастық жандана түсті. Елімізде шетелдің озық университеттерінің 19 филиалы ашылды. 2021 жылдан бастап білім беру жүйесін кадрларды даярлаудың озық үлгісіне қайта форматтау үшін «Қазақстанның жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» әзірленді.
Жыл ректоры – Ақылбек Күрішбаев.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры. Ғылым мен жоғары білімді дамытудағы үлкен жетістіктер оның есімімен байланысты. Ол Қазақстан мен Польшаның ғылыми қауымдастықтарының ынтымақтастығына үлкен үлес қосты. Ректордың осы еңбегі жоғары бағаланып, үздік ректор атанды.