Әлем

Әлем елдерінде жаңа жылға не сыйлауға болмайды?

Әрбір халық сыйлық атаулыға әртүрлі көзқараспен қарайтыны белгілі. Сыйлықтың әртүрлі халықтарға қатысты ерекшеліктерін назарға ұсынамыз,- деп хабарлайды newsroom.kz

Еуропа 

Еуропа елдерінде бірқатар сыйлықтарды сыйлауға «тыйым салынған». Мәселен, Францияда тұрмысқа шықпаған аруға парфюм өнімдерін сыйлауға болмайды, мұндай сыйлықты тек жолдас азаматы ғана сыйлай алады. Германияда канцеляр өнімдерін, әсіресе, күнделік тәрізді маңызы бар нәрселерді сыйлауға болмайды, мұндай сыйлықтарды неміс халқы мұқиятсыздықтың, ұқыпсыздықтың белгісі ретінде таниды. Еуропада феминистік қозғалыс өкілдері үшін ас үй жабдықтары мен техникаларын сыйлау «аса жақсы» емес. 

Сол тәрізді гүл сыйлауға келгенде де сыншы болуға тура келеді. Мәселен, француз мадамдарына хризантема мен қалампыр гүлдерін сыйлауға болмайды, ал қызыл раушанды сыйлау шектен шыққан құмарлықты білдіреді. 

АҚШ

АҚШ-та кейінгі кезде мынандай үрдіс орын алған: сый ретінде тартылған сыйлықты чегімен беретін болған, егер сыйлық «қаһарманына» ұнамаса, ол ауыстырып немесе өткізіп тастай алады. Қызығы сол, Жаңа Жыл мейрамынан кейін дүкендердің алдында сыйлықты ауыстыру үшін ұзын-сонар кезек болады екен. Сондықтан америкалықтар үшін чексіз берілген сыйлық нағыз орынсыз «тосын сый» болатыны анық.

Мұсылман елдері 

Мұсылман елдерінде алкоголь, өзге де спирт тектес өнімдерді сыйлыққа тартуға болмайды. Сол тәрізді шошқа да исламда харам ретінде саналатындықтан шошқаның еті мен терісінен жасалған кез келген өнімдерді сыйлауға болмайды. Сонымен қатар, салынған суреттерді, картинкаларды да беруге болмайды. Сыйлықты оң қолмен беру қажет, береке саналады. Сыйлық отағасына ғана сыйланады. 

Қытай 

Қытай халқы сыйлық алғанды жақсы көреді. Бірақ мұнда да шектеулер бар. Мәселен, еркек адамға қару-жарақ тәрізді кәдесыйларды (қанжар, пышақ, пистолет) сыйлауға болмайды, бұл достықты бұзады деп саналады. Әйел адамға сары және ақ түсті гүлдерді сыйлауға болмайды, бұл қайғы-қасіреттің белгісі танылады. Тіпті, ақ қағаздан жасалған жаңа жылдық ойыншықтар да қытай халқының ашуын тудырады. Өйткені ақ түс хризантема гүлінің белгісі, ал хризантема гүлі өлімнің белгісі саналады. 

Жапония 

Жапонияда да сыйлық сыйлау әдепті қажет етеді. Сыйлықты еш себепсіз беруге болмайды. Қандай да бір мән болуы тиіс. Жаңа жыл мейрамы жапондықтар үшін аса маңызды мереке болмағандықтан, қымбат сыйлық берудің қажеті жоқ. Балаларға конфет пен ойыншық сыйлау дәстүрге айналған. Алайда ешқашан төрт не тоғыз зат сыйлауға болмайды: «төрт» сөзінің дыбысталуы «өлім» сөзінің дыбысталуына байланысты, ал «тоғыз» сөзі «ауыру» сөзіне жақын болғандықтан жапондықтардың қорқынышын туғызады. Сыйлықты екі қолдап, иіліп сыйлау қажет.

Корея 

Қызыл түс Кореяда қанмен, өліммен байланысты болғандықтан қызыл түске оралған сыйлықты сыйлаушы болмаңыз. Ғашықтар бір-біріне аяқ киім сыйлауға болмайды, ғашықтардың арасы суып кетеді деп жорамалданады. 

Африка 

Африканың көптеген халықтары тек жерлеу салтанатында ғана қолданатындықтан гүлді сыйлық ретінде беру жақсылықтың белгісі емес. Фотоаппаратты да сыйлауға болмайды: африка халықтарында көбі фотоаппаратқа түсіру адам жанын алумен тең.