Әлем елдерінің жаңа жылдық салт-дәстүрлері жайлы не білеміз?
Жаңа жыл мерекесінде әлем халықтары түрлі дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ұстанады. әлемдегі түрлі салт-дәстүрлердің ең қызықты дегендеріне тоқталамыз,- деп хабарлайды newsroom.kz
Вьетнам
Вьетнамда да біздегідей Жаңа жылды түнде қарсы алады. Кеш батысымен жергілікті халық саябақтар мен көшелерде от жағып, бірнеше отбасы оның айналасына жиналады да, отқа күріштен жасалған түрлі дәмді тағамдар әзірлейді. Жаңа жыл түнінде вьетнамдықтар тірі тұқы балықты суға жібереді. Олардың нанымы бойынша, тұқы балықтың үстінде Құдай болады екен және ол Жаңа жыл түнінде аспанға ұшып, Жердегі адамдар қалай өмір сүретінін баяндайтын көрінеді.
Ұлыбритания
Ұлыбританияда Жаңа жылды мерекелеуде сүйір жапырақты ағаштың бұтасымен үйді әшекейлеу дәстүрге сіңіп кеткен. Сондай-ақ, Рождество қарсаңында ер адам осы бұтаның астында тұрып қалған кез келген қызды, тіпті танымаса да, сүюге құқылы.
Шотландия
Шотландияда Жаңа жыл қарсаңында бөшкеге құйылған шайырды жағып, ол бөшкені көшемен сырғанатады. Бұл ескі жылды жағу дәстүрі деп аталады. Сағат тілі он екіге жақындаған сәтте отағасы үнсіз үй есігін соңғы секундқа дейін ашық ұстап тұрады. Осылайша, ол үйге Жаңа жылды кіргізген болады. Сондай-ақ, жаңа жылда үйге келген қонақ өзімен бірге бір кесек көмір алып келіп, оны отбасылық камин, үй пешіне тастайды және отбасындағы оттың сөнбеуін тілейді.
Болгария
Ал Болгарияда ағайын-туыс пен дос-жаран мерекелік дастарқан басына жиналады да, барлық үйде жарық үш минутқа сөндіріледі. Жарық сөнген сәтті «жаңа жылдық сүйісу уақыты» деп атайды екен және оның құпиясын қараңғылық қана біледі деп санайды.
Перу
Перудегі жаңа жылдық дәстүр тіпті қызық. Егер кімде-кім жаңа жыл түнінде өз үйін шабаданмен айналып өтсе, онда жаңа жылда ол көптен бері армандаған сапарға шығуы ықтимал. Егер үй айналасында қолына шыбық ұстаған бойжеткен жүрсе және ол жігітке шыбықтың екінші ұшын ұстауды ұсынса, онда ол екеуі отбасын құрады деген ырым екен.