Жаңа жыл туралы қызықты деректер жайлы не білеміз?
Жаңа жыл – барша жұрт асыға күтетін, таңғажайып әрі ең көңілді отбасылық мерекелердің бірі. Бірқатар елдерде 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні тойланады. Жаңа жыл жайлы қызық деректерді назарға ұсынамыз,- деп хабарлайды newsroom.kz
Жаңа жыл қашан пайда болды?
Ғалымдардың айтуынша, Жаңа жылды тойлау шамамен біздің дәуірімізге дейін 3000 жылы алғаш рет Месопотамияда басталған. Көне замандағы адамдар Мадрук құдай зұлымдық пен өлімді жеңді деп санаған. Сол себепті Месопотамия халқы жақсылықтың жамандықты жойғанына қуанып, бірнеше ай бойы тойлайды. Әртүрлі карнавалдар, маскарадтар мен шерулер өткізеді. Мейрам кезінде жұмыс істеуге, жазалауға және сот шешімін шығаруға тыйым салынған.
Көне заманда Жаңа жыл қалай тойланды?
Бірнеше ғасыр бойы Көне Мысырда шілде-қыркүйек айларында Ніл өзенінің арнасынан асуы аталып өткен. Осы бір аса маңызды кезең жаңа егін маусымының басталуын білдіретін. Ніл өзені суының киесі бар деп сенетін мысырлықтар Жаңа жылды тойлаған кезде Нілдің «қасиетті суын» құмыраларға құйып алатын болған. Ырым бойынша Нілдің суы ескі-құсқыны шайып жібереді. Сол кезден бастап жаңа жылда ән айтып, би билеу, мерекелік дастархан жайып, бір-біріне сыйлық жасау дәстүрі басталыпты.
Русьте Жаңа жылды көктемде ауыл шаруашылығы жұмыстары басталған шақта – 1 наурызда тойлайтын. Кейінірек жылдың басы 1 қыркүйек болып белгіленді. Кейінірек 1699 жылы Петр I қабылдаған жарлық бойынша жыл санау 1 қаңтардан басталатын болған.
Жаңа жылдың салт-дәстүрлері
Жаңа жылдағы ең басты дәстүр – үй ішіне шырша қойып, ойыншықтармен безендіру. Алғашқы безендірілген шыршалар қазіргі Франция аумағындағы Эльзаста 1605 жылы пайда болған, деп санайды тарихшылар. Кейін біртіндеп бүкіл Еуропа шырша безендіре бастайды, әлбетте, әуелі дәулетті адамдар мен саудагерлердің үйінде ғана пайда болған. XIX ғасырда барлық жерде шырша қою дәстүрге айналды.
Жаңа жыл туралы қызықты деректер
• Алғашқы жаңажылдық ашық хат Лондонда 1843 жылы басып шығарылды.
• Ер бала өмірге келу үшін ерлі-зайыпты Жаңа жылда Лапландияға баруы тиіс деген ырым бар.
• Тағы бір ырымға сүйенсек, жаңа жыл алдында көрген түс келер жылға жорамал жасайды.
• Еуропада жаңа жыл шыршалары ең көп сатылатын ел – Дания.
• Ресейдің зейнетақы қоры Аяз Атаға «Ертегі еңбегінің ардагері» деген атақ берген.