Жаңалықтар

«Бітпес хайп»: Алматы спорттық нысандар дирекциясының басшысы «Астана» – «Челси» кездесуіне қатысты сұхбат берді

«Астана» мен «Челси» футбол матчына дайындық кезінде Орталық стадиондағы ұйымдастыру олқылықтары, басшылықтың жауапкершілікке тартылуы және стадионды жаңғырту жоспарлары туралы Алматы спорттық нысандар дирекциясының басшысы сұхбат берді

Кеше Алматының Орталық стадионы футболдағы басты оқиға өтетін аренаға айналды. 20 мыңнан астам жанкүйер «Астана» мен «Челси» командаларының ойынын тамашалау үшін жиналды.

Қалалық билік бұл шараға мұқият дайындалып: көрермендерді жеткізу үшін тегін бағыттар ұйымдастырды, көшелердің жабылатыны туралы алдын ала ескерту жасады, ойыншылар мен жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті, сондай-ақ билет алыпсатарларына қарсы шаралар қолданды. Жалпы, спорттық мереке оқыс оқиғаларсыз өтті.

Алайда шағымдар да болмай қалған жоқ. Кейбір көрермендер трибуналардың кейбір қатарлары алдыңғы күні жауған қардан тазартылмағанын байқады. Бұл олқылыққа дер кезінде жауап беріліп, жіберілген кемшіліктер үшін Орталық стадионның басқарушысы қызметінен босатылды.

Спорттық нысандар дирекциясының басшысы Елена Тё болған жайттың мән-жайын баяндап, кадрлық шешімдер туралы және стадионды жаңғырту жоспарлары жөнінде әңгімеледі.

– Елена Васильевна, мұндай маңызды шарада қарды тазалау мен трибуналардың жай-күйіне қатысты уақытылы дайындықтың болмауына не себеп? Мұны жай күндердегідей шара деуге келмес?

– Дұрыс айтасыз, біз бұл матчты асыға күттік. Қыстың ауа райы қиындықтар тудырғанына қарамастан, стадион ашық арена болғандықтан, біз ойыншылар мен көрермендер үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырыстық.

Ал енді тазаланбай қалған қарға қатысты жағымсыз жайтқа келсек, небәрі бірнеше қатар қардан арылтылмай қалған. Әрине, ешкім жауапкершіліктен қашпайды. Бұл – техникалық қателік, адами фактор, стадион басшысының дөрекі ағаттығы, көзден таса қалдырылған кемшілік. Мұндайға еш ақтау жоқ! Осы матчқа дайындалуға барлығы белсене атсалысқанда, бүкіл қала мен жанкүйерлер алдында масқара болу – айтса аузың бармайтын өте үлкен ұят...

Арена дайындығына ең алдымен стадион қызметкерлері мен персоналы жұмылдырылды, сонымен қатар қаланың барлық қызметтері белсенді түрде көмек көрсетті. Шараны ұйымдастыру қала әкімдігінің тұрақты бақылауында өтті.

Жанкүйерлердің жайлылығы үшін қаланың әртүрлі бөліктерінен тегін трансфер ұйымдастырылды. Кептелістер мен көлік тығындарын болдырмау мақсатында стадион маңындағы көшелер қауіпсіздігін қамтамасыз еттік, құқық қорғау органдары жанкүйерлердің қауіпсіздігін күзетті.

– Стадионның ескіруі, отырғыштардың көнергені туралы шағымдар айтылды.

– Стадиондағы орындықтар мен инфрақұрылымның жай-күйі туралы жаңадан айтарым жоқ: арена ауқымды жаңғыртуға дайындалып жатыр, біз тек қазіргі функционалды жағдайды ұстап тұруға тырысып жүрміз. Өкінішке қарай, кейбіреулер мұны түсінгісі келмей, нысанның көпжылғы проблемасын «бітпес хайпқа» айналдырып жібереді.

Жалпы, ағылшындар да, біздің ойыншылар да техникалық тұрғыдан матчқа еш шағым келтірмеді. Ауа райына қарамастан стадионға ғажап футбол мерекесінің атмосферасын сыйлаған жанкүйерлерімізге алғыс айтамын.

– Осы оқиғаға байланысты Орталық стадионның басқарушысы қызметінен босатылды. Өз сұхбатында ол адамдардың айлығы мардымсыз, Дирекцияға бірнеше рет өтініш айтқанымен ешқандай қолдау көрсетілмегенін алға тартты.

– Иә, Дирекцияның жауапкершілігі үлкен болғанымен, нысан басқарушысының міндеті – шаруашылықты талапқа сай ұстау, әсіресе осындай маңызды шаралар кезінде. Бауржан Жұмажанұлы 2023 жылдың шілдесінен бері осы нысанда жұмыс істеп келді, бұл уақыт ішінде бәрі бірқалыпты, еш шағымсыз шешіліп отырды. Биыл стадионда көптеген шаралар өтті. Мұндай өрескел қателікке жол беріп, стадионның толық дайындығын қамтамасыз етпеу – бұл басқарушы тарапынан мүлде кешірілмес немқұрайлылық, әсіресе бұл шараға деген жоғары назарды ескерсек.

Қызметкерлердің 80 мың теңге жалақысы туралы айтсақ. Стадионның штаттық бірліктерінен бөлек, Дирекция жыл сайын өндірістік жайларды тазалау бойынша жеке тұлғалармен ақылы қызмет көрсету келісімшарттарын жасайды, яғни үлкен аренаның табағын тазалау бойынша. Келісімшартқа сәйкес қызмет көрсетудің ақысы 104 мың теңгені құрайды және бұл адамдар тек арена дайындалатын және шаралар өткізілетін кездерде ғана тартылады. Бұл қызмет маусымдық сипатқа ие, дәл басқа ашық нысандарымыздағыдай.

Стадионның 46 қызметкерінің 23-і ішкі бөлмелерді және іргелес аумақты тазалайтын техникалық персонал.

Сондай-ақ, осы матчқа дайындық кезінде Дирекцияның сайтында қосымша аумақ тазалаушыларды жұмысқа алу туралы хабарландыру жарияланды. Шамамен 40-қа жуық өтініш келіп түсті, бірақ ауа райының қолайсыздығы және келісімшартты ресімдеудің қажеттілігіне байланысты дерлік ешкім шықпады. Адамдар бірден қолма-қол ақша алғысы келді. Бұл әдіс тиімсіз болып шықты.

– Болашақта мұндай жағдайларды болдырмау үшін не істеледі?

– Осы жағдайға оралсақ, 5 желтоқсандағы Дирекцияның бұйрығына сәйкес, Дирекцияға қарасты басқа нысандар – Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы, «Алматы арена» МФК, «Халық Арена» МФК, Спорттық-жаттығу кешені – осы стадионға қосымша қызметкерлер мен техника бөлді.

Дирекцияның мердігер ұйымдарының қызметкерлері де қолдау көрсетті. Сондықтан «ешқандай жәрдем болмады» деген айыптауды негізсіз деп есептеймін.

Бұл орын алған оқиға бізді, сөзсіз, сабақ алып, мұндай қателіктерді болдырмауға нақты қорытынды жасауға міндеттейді. Объективтілік үшін Орталық стадион қызметкерлерінің қызметін ішкі аудитпен тексеріп, қызметтік тергеу жүргізетін комиссия құрылды.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша нысанға жауапты тұлғалардың қызметінің тиімділігі анықталмақ.