Жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан жалған жаңалықтарға қарсы күресте ынтымақтастықты арттырады

18 желтоқсан күні Ташкентте Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің өкілдері кездесу өткізді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2025 жылға арналған ақпараттық саладағы өзара іс-қимыл жоспарына қол қойды.

Құжатқа Өзбекстан Президентінің 8 тамызда Қазақстанға жасаған сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырмалар аясында қол қойылды. Сол сапарда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бұқаралық коммуникациялар саласындағы екіжақты ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме мен шешім қабылдаған болатын.

Жоспарда медиаконтент алмасуды ұйымдастыру, БАҚ үшін тренингтер мен семинарлар өткізу, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру, жас журналистерді қолдау және дезинформацияға қарсы бірлескен күрес қарастырылған.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлескен медиажобаларды интеграциялаудың маңыздылығын және дезинформация мен жалған жаңалықтарға қарсы күрес механизмдерін әзірлеу қажеттілігін атап өтті.