ChatGPT қолдануы оқушылардың сыни ойлау қабілетін жояды – Мәжіліс депутаты
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мектеп оқушыларының ChatGPT сынды жасанды интеллектті бақылаусыз пайдалануы сыни ойлауға кері әсер ететінін мәлімдеді, – деп хабарлайды newsroom.kz
«Балалардың оқу процесінде жасанды интеллектті бақылаусыз пайдалануы ерекше назар аударуды талап етеді. Бүгінде ChatGPT сияқты генеративті жасанды интеллект құралдары кеңінен қолданысқа ие болуда. Ол мектеп тапсырмаларын, жаттығуларды орындап, романдардың қысқаша мазмұнын шығаруға мүмкіндік береді. Алайда, мұндай тәсіл сыни ойлау қабілетін жояды, білім сапасына кері әсер етеді және маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдау дағдысын әлсіретеді. Осы қарқынмен елдің интеллектуалды әлеуетін жоғалтып алуымыз мүмкін. Біз күрделі мәселелерді шешуге қабілетсіз ұрпақ қалыптастыру қаупінде тұрмыз», – деді депутат.
Сонымен қатар, Магеррамов жақында Еуропарламентте жасанды интеллектті қолдануға шектеу енгізу туралы заң қабылданғанын, ал Австралия мен АҚШ-тың кейбір штаттарында әлеуметтік желілерді пайдалануға жас бойынша шектеулер бекітілгенін атап өтті.
«Цифрлық прогресс зиян келтірмеуі тиіс, сондықтан оны ақылмен бақылау қажет. Бүгіннің өзінде азаматтардың биометриялық деректерін заңсыз пайдаланудың алдын алу және білім беру орындарында генеративті жасанды интеллектті қолдануды шектеу бойынша шаралар қабылдау қажет», – деді депутат.