Мүгедектік растау үшін пара алған: Шымкентте медбике ұсталды
Сыбайлас жемқорлықты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің қалалық департаменті бөлім басшысының міндетін атқарушы мен қалалық емханалардың бірінде жұмыс істейтін медбике бірге жасаған
Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің қалалық департаменті бөлім басшысының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы Newsroom.kz тілшісі BAQ.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан мүгедектік топтарын белгілеу үшін жалпы сомасы 850 мың теңге пара алды деп айыпталуда. Пара ретінде берілген ақша қаражаты қалалық емханалардың бірінде жұмыс істейтін медбикенің көмектесуі арқылы алынған, - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта қала прокуратурасы айыпталушыларды сотқа берді.
Конституцияның 77-бабы 3-бөлігінің 1)тармағына сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.
Мемлекет басшысы қойған негізгі міндеттердің бірі – халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау білдіру.