Жаңалықтар

Исмаилов Шавкат: «Өз өмірімізге өзіміз жауапты екенімізді әрқашан естен шығармағанымыз жөн»

Қазақстан Республикасы әрқашан ынтымақ пен бірліктің қадірін түсіне білген. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген сөздің де мағынасы терең,- деп хабарлайды newsroom.kz

Тіпті, бір отбасының ішінде татулық болмаса, негативті эмоциямен өмір сүру қиындайтынын білеміз. Сол секілді бір елдің ішіндегі ынтымақтың болмауы қай саланың да дамуын тежейтінін әр азамат түсінуі керек.

Бүгінде еңбектеген сәбиден еңгейген қарияға дейін әлеуметтік желінің жаңалығымен таңды атырып, кешті батырады. Тек өзі оқып қана қоймай, жан-жаққа, туыстарға, жақындарына таратады. Бірақ көп жағдайда таратылып жатқан ақпарат үшін жауапкершілікті түсінбейді. Осыған абай болған дұрыс.

Соңғы уақытта, әсіресе әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты халықтың арасына іріткі салу, араздық тудыруды көздейтін жазбалар көп таралуда.

Сондықтан әлеуметтік желіден алған ақпаратты електен өткізуді әдетке айналдырғанымыз жөн. Құқықтық сауаттылықты арттырып, әр сөзімізге, әр жазған пікірімізге, жазбамызға, тіпті біреудің жазбасын немесе видеосын таратқанда мұқият болуымыз керек. 
Расында, сөз бостандығы  өте маңызды. Дегенмен ол абсолют ұғым емес және оның шегі бар. Өзгелердің өміріне, денсаулығына, құқығына қауіп төндірсе, сөз бостандығына шектеу қойылады.

Не жазса да қайталап оқып, нақты нысанға қарата айтып жатқанына көз жеткізу керек. Қандай да бір этностың кемшілігі немесе артықшылығы туралы жазбаған дұрыс. Бес саусақ бірдей емес. Жеке адамға қатысты көзқарасты тұтас этносқа таңуға болмайды.

Әлеуметтік желілерде қолданушылардың этносы туралы жазғанда, сөйлегенде сөздер мен сөз тіркестеріне абай болған дұрыс. Тіпті, бөгде бір адамның фотосын немесе видеосын оның рұқсатынсыз жариялаудың өз талаптары бар. 
Заң білмеу жауапкершіліктен босатпайды.

2023 жылы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы», биыл «Масс-медиа туралы» Заңдар қабылданды. Бұдан бөлек, «Қылмыстық кодекс», «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте» адамдар арасындағы араздықты тудыруға бағытталған әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған.  
Биылдың өзінде әлеуметтік желілердегі жазбалары үшін бірқатар азаматтар бас бостандығынан айрылды. Сондықтан өз өмірімізге өзіміз жауапты екенімізді әрқашан естен шығармағанымыз жөн.

Исмаилов Шавкат Абдуллаевич 
«Қырғыз этномәдени бірлестігі»    
ҚБ төрағасы