Жаңалықтар

Қазақстан 630 млрд теңге көлемінде қарыз алмақшы

Бірнеше халықаралық банк Қазақстанға қарыз беретін болды

Сенат "Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы" және "Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы" заңдарды мақұлдады, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

Бірінші заңды таныстырған сенатор Нұрлан Бекеновтің сөзінше, бұл заң бюджет тапшылығын қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған. 

"Келісімге сәйкес, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі 84 миллиард жапон йенасы сомасында қарыз береді (600 млн). Өтеу мерзімі – 2034 жылғы 15 қыркүйекке дейін, оның ішінде 2029 жылғы 15 наурызға дейінгі жеңілдік кезеңі. Қарыз қаражаты 2024 жылға арналған республикалық бюджет шеңберінде қабылданған мемлекеттің барлық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді депутат.

Келесі құжат – "Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы". Ол бойынша Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі Қазақстанға 52,7 млрд йен қарыз береді. Өтеу мерзімі – 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 2038 жылғы 1 желтоқсанға дейін. Бұл қаржы да биылғы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға мүмкіндік бермек.

Бұдан бөлек осыған дейін Қазақстан Азия даму банкінен 52,3 млрд йен қарыз алатынын айта кетейік.