AI-Sana – бұл студенттер арасында жасанды интеллект дағдыларын жан-жақты дамытуға бағытталған бірегей бағдарлама. Ол 100 мың қатысушыны қамти отырып, ұлттық экономиканың әлеуетін ашуға және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Сондай-ақ Қазақстанның технологиялық және экономикалық өсуінің драйвері бола алатын DeepTech-стартаптарды құруға ерекше назар аударылды.
Бағдарлама халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленді. Оның қалыптасуындағы жетекші рөл Стэнфорд жоғары білім мектебінің бас технологиялық директоры және қауымдастырылған деканы Пол Кимге тиесілі. Сонымен қатар жобада Stanford University, Imperial College London, King’s College London, Royal Academy of Engineering сарапшылары мен SETsquared, UKSPA инновациялық платформаларының тәжірибесі пайдаланылды.
Бұл серіктестер бағдарламаға жаһандық тәжірибе мен жергілікті қажеттіліктерді біріктіруге мүмкіндік беретін озық білім мен ең жақсы тәжірибеге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
AI-Sana білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіруді қамтиды:
•ЖИ саласындағы іргелі білім мен дағдыларды қалыптастыру.
•Экономиканың негізгі салаларына ЖИ енгізу үшін мамандар даярлау.
•Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары базасында DeepTech-стартаптарды құруға ықпал ететін тұрақты экожүйені құру.
Бағдарлама жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу форматына көшуге мүмкіндік бере отырып, оқыту мен зерттеу тәсілдерін түрлендіруге бағытталған.