Жаңалықтар

AUDIмен жылқы тасыған

Қарағанды облысында жеңіл көлік салонында жылқы тасымалдаған жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды newsroom.kz

Қарағанды облысы Нұра ауданында ерекше оқиға тіркелді. Polisia.kz мәліметінше, 11 желтоқсанда патрульдік полиция Audi көлігін тоқтатып, салоннан жылқыны анықтады. Оқиға Нұра — Теміртау республикалық автожолында болған.

Көліктің иесі, Бұқар Жырау ауданының тұрғыны, жануардың өзіне тиесілі екенін растайтын құжаттарды ұсына алмады. Сондай-ақ, жылқыны жеңіл көлікпен тасымалдау ережелерін өрескел бұзғаны үшін жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары ветеринариялық инспекцияға жіберілді.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жылқының нақты иесін анықтап, жануардың ұрланған-ұрланбағанын тексеруде. Бұл жағдай "Мал ұрлығы" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталып отыр. Айта кетейік, 7 қазаннан бері өткен шара барысында Нұра ауданында мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 37 фактісі тіркелген. Оның ішінде 20 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.