Жаңалықтар

Қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовке қатысты жазба жариялады

«Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының «Құрметті азаматы», қоғам қайраткері Рашиля Мурсалиева Иманғали Тасмағамбетовке қатысты фейсбукте жазба жариялады, - деп хабарлайды newsroom.kz

"Иманғали – ұлтшыл болмысымен, қиыннан қиыстырар шешімділігімен, билікте сирек кездесетін сана серпілтер шешендігімен, болмасты болдыратын тапқырлығымен көзі ашық қазақтың қалың ортасына жақты. Сонау екімыңыншы жылдардың басында жоқшылық пен қымбатшылықтан демін әзер алып отырған елді дүр сілкінтті. Елге рух беріп, халқын тығырықтан шығарып, болашаққа сендіру үшін ана сүтімен дарыған тұлғалық қасиет керек екенін дәлелдеді. Әлемдік желіде өзін көріп-білмек түгілі, маңайында жүрмеген біреулердің айтаққа еріп, Иманғали жөнінде сөздің небір “асылын” ақтаратындарын байқап жүрміз… “ Ит үреді, керуен көшеді”. Иманғалидай тұлғаның шашасына шаң жұқпай, қазақ тарихында өз орнын алатынына шек келтірмейтіндердің қатарынанмын. Ең қызығы, кезінде Имекеңнің жүзін бір көруге зар болып, есігін күзеткендердің біразы билікте (маңында) жүр, осы ФБ- те де отыр. Білемін, танимын. Солар жай адами қасиетпен белгі (лайк) қойып кетуге де жарамайды, оған таң қалмаймын, бейшара тірлік, күнкөріс… Иә, олар кім, Имекең кім?! Бірақ, бұл дүние кімге опа берген?" делінген жазбада.

Айта кетейік, Рашиля Қабиқызы алғашқы еңбек жолын Жангелдин аудандық комсомол комитеті мектеп бөлімінің меңгерушісінен бастаған. Комсомол және партия комитеттерінде қызмет атқарған. Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің директоры қызметінде болды. 1999-2006 жылдар аралығында Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2006-2008 жылдар аралығында облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры қызметінде жүріп зейнетке шықты. 2010 жылдан бастап «Теңіз мұнай құрылысы» ЖШС президентінің кеңесшісі. 2008 жылдан бастап Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі.