Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
29 мамыр, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Ғасыр зұлматы

Ғасыр зұлматы

Ғасыр зұлматы
ашық дереккөзі
Зұлмат, зұлымдық – «қара түнек» деген мағына береді. Саңылаусыз, сәулесіз, соқыр қараңғылық. Күштеу, қинау, қырып-жою, зорлық-зомбылық жасау, адам өлтіру деген мағынасы да бар. Айдың нұры, жұлдыздың жарығы түспейтін түпсіз қараңғылықта жапанда жалғыз қалған адамның бойын қорқыныш билейтіні сияқты, зұлымдық та елдің бойына үрей болып енеді, сөйтіп сүйекке сіңеді. Зұлымдық – қолдан жасалады, зұлматты ұйымдастырған залым болады, ал зобалаңға ұшыраған жұрт «мазлұм» аталады. Бұл орайда «мазлұм» – қазақ халқы, ал «залымның» Сталин екені белгілі  width=
Аласапыранға толы өткен ғасырдың басы қазаққа алапат апат ала келді. «Жұт жеті ағайынды» демекші, халқымыздың басына төнген төңкеріс, ұжымдастыру, алапат аштық және жаппай қуғын-сүргін сияқты зұлмат жұртымыздың жартысын жалмады. Ақ пен қызылдың арпаласынан кейінгі жиырмасыншы, отызыншы жылдардың басындағы алапат аштықта қаймана қазақ қынадай қырылды. Адамды адам жеген алмағайып заман болды. Осылайша тұтастай бір ұрпақтың өсімі үзіліп қалды. Аштықты тереңдете түскен тәркілеу науқаны да халқымызға ауыр тиді. 1928-1929 жылдары асқан қатыгездікпен жүзеге асырылған бұл дүрбелең «аша тұяқ қалмасын» деген қызылкеңірдек ұранға ұласты. Қазақтың қолында тігерге тұяқ қалдырмауды көздеген зұлымдық ұжымдастыру науқанына ұласты. Елдің дәстүрлі шаруашылығына жасалған бұл қастандық қолында малы бар ауқатты байлар мен жалпы жұрттың шекара асуына себеп болды. Үдере көшкен олардың көпшілігі қызыл әскердің қолынан мерт болып, көмусіз қалған сүйектері сай-салада шашылып қалды. Бұған халқымыздың ақыл-ойын, жұртқа басшы болған Алаш арыстарын – ұлт зиялыларын қынадай қырған 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін жалғасты. Қылышынан қан тамған қызыл қырғын қазақты қаймағынан айырды. Жұрттың жадын, елдің тарихи санасын қалыптастыруға қапысыз қызмет еткен қабырғалы қайраткер ұлдары қуғынға ұшырап, ұлттың иммунитеті әлсіреді. Сондықтан қазақ халқының жұрт ретінде жер бетінен жойылып кету қаупі туған бұл зобалаң жылдар жоңғар шапқыншылығынан кейінгі ең бір қасіретті кезең болды. Мұны көптеген зиялылар ұлтқа жасалған «геноцид» деп бағалайды. «Этноцид» деп бағалайтындар да бар. Біз «зұлмат жылдар» деп атадық. Қазақ даласын шарпыған аштық туралы сөз қозғағанда, біз көп жағдайда 1921 жылғы ашаршылықты назардан тыс қалдырып жатамыз. Болашақта осы мәселеге тарихшылар кеңінен тоқталып, аштықтың себеп-салдарын толыққанды зерделесе, қазақ халқының демографиясы, әлеуметтік жағдайы, бір сөзбен айтқанда, өткен ғасырдың басындағы күрделі кезеңнің тұтас тарихы өз бағасын алар еді. Осы жылдары Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары аштықтан қатты зардап шегіп, соның салдарынан еліміздің батысы мен солтүстік өңірлерінде миллиондаған адам қайтыс болды. Сөйтіп халықтың 30 пайызы қырылды. Жығылғанға жұдырық, ел ішін аштықпен қатар сүзек, тырысқақ, оба аурулары жайлап, аяғы ауыр жұтқа айналды. Сеңдей соғылып сенделген халық қайыршылық күйге түсіп, қынадай қырылды. Мысалы, бір ғана Қостанай губерниясында аштық пен ауру салдарынан халықтың 75%-ға жуығы көз жұмды. Халық қолындағы бар малынан айырылып, ашаршылыққа ұшырап, тоз-тозы шықты. Дәстүрлі мал шаруашылығы күйреп, ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі де күрт азайды. Осылайша қазақ халқы ашаршылықтың екінші кезеңін бастан кешті. Күштеп ұжымдастыру кезеңінде республикадағы мал саны 40,5 млн болса, 1933 жылы 4,5 млн мал басы ғана қалды. Сұрапыл аштық пен аурудан халық бас сауғалап көршілес өзбек, қырғыз, қытай жеріне үдере ауды. Өкінішке қарай, барған жеріне сіңіп кеткен қазақтың есебі әлі толық жасалған жоқ. Тіпті алапат аштықта опат болғандардың саны да әртүрлі деректерде әрқилы айтылып келеді. Ғасырлар бойы елдік пен ерлікті ту еткен қазақ жұрты зұлмат жылдардан аман шықты. Тоқсан үшінші жылы Қазақстанда «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, 31 мамыр арнайы еске алу күні болып белгіленді. Келесі жылы осы ғасыр зұлматына 100 жыл толады. Осыған орай ашаршылыққа қатысты «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінен» бөлек, арнайы «Тағзым мен тағылым күні» белгіленсе, бүгінгі буынның бабалар алдындағы бір парызы орындалған болар еді деп ойлаймыз. Сілтеме