Жаңалықтар

16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдер

Newsroom порталы Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдер топтамасын назарға ұсынады

Өзегі – толы өрт болған,  
Жүрегі – шерлі дерт болған    
«Елімді азат етем», - деп,  
Ерлерге лайық серт болған.  
Бойына рухы бабаның  
Қасиет болып кеп қонған.  
Халқының көріп қайғысын,  
Көкірегіне кек толған.  
«Жалтақ боп қалған еліме  
Жастар болады, - деп, - қорған».  
Ақжазықтан ұшқан аққу ең,  
Алматыға келіп, мерт болған.  
Арналып оған алтын-жыр,  
Аңыз қып атын халқым жүр.  
Ерлігін Ләззат қызының  
Ел болып бүгін айтып жүр.  
Алтынай сынды анасы  
Азабын әлі тартып жүр.  
Жиырма бес жыл бойы жоқтаумен  
Үкіметке үміт артып жүр.  
Алайда, кейбір керауыз  
Таратты сыбыс салқын бір  
«Алаңда болған жоқ ол», - деп,  
Аузына келгенді тантып жүр.

Желтоқсан – менің жалыным

Желтоқсан – менің жалыным  
Жел болып соққан сарыным.  
Алысамын деп алаңда,  
Жығылған жастың жанымын.

Төбемнен ұрып шоқпарлар,  
Төгілген мұзға қанымын.  
Алқымға келіп тіреліп,  
Айтылмай қалған әнімін.

Зая боп еткен еңбегім,  
Қайратым менен қарымым.  
Желге ұшқан асау алымым,  
Жер құшқан асыл дарыным.

«Қазақстаным менің!» деп,  
Қар құшқан қайран тәнімін.  
Жанарынан ұлттың жас болып,  
Топыраққа түскен дәнімін.

Қайраттың қайсар жырымын,  
Ләззаттың әппақ арымын.  
Кебінге ораған ерімді  
Кебенек ішінен таныдым.

Желтоқсанның желі

Желтоқсанның желі, аязы, ызғары
Қанды мұзда талай қазақ сыздады.

Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға Азап шекті қайсар қазақ қыздары. Талай қазақ қыздарын да тоңдыра, Талай қазақ гүлдерін де солдыра,

Ел билеуге алып келді Колбинді
Қазақ ұлы Қонаевтың орнына.

Егемендік – бұл елімнің елдігі,
Егемендік – барлық ұлттың теңдігі.
Егемендік – елін, жерін қорғаған, Ербол менен Қайраттардың ерлігі.

Желтоқсаным – тәуелсіздік тірегі,
Желтоқсанды қадір тұтып тұр елі.
Есте сақтап ағалардың ерлігін,
Жүректерге сақтау керек үнемі.

Желтоқсан алаңындағы жыр 

Ұжданымды ұлтан етпек табанға,
Қарғыс айтып қан соқталы зауалға.
Айналып жүр қазақтың кең аспанын,
Ұлы ерліктің сыймас жыры қағазға.

Ей, намыстың найзағайдай ұлдары,
Қызыл тілін қылыш еткен қыздары!
Қанды тарих қалшиып тұр мәңгіге,
Жанарында - Желтоқсанның ызғары. 

Не көрдің сен қара жұлдыз, қара аспан,
Қан жұттың ба сен де қайсар қазақтан.
Өрімдей қыз өлмес ерлік жыры боп,
Саған қарай рухы ұшып баратқан. 

Жер бетінде жеңіс алған белестер -
Есіл бабам ерлік қылған егестер…
Желтоқсанда қайта шауып басына,
Буырқанған бабам қаны емес пе ол! 

Оу, мені кім дейсің?!
Қарсы алдымда хас жауымның қаңқасы,
Қос қолымда Қобыландының балтасы.
Азығыма ақ анамның малтасы,
Азуымда найза таудың жаңқасы.
Қонысыма көз қызартқан қалмақтың,
Қанжығама басын берді қаншасы.
Тұлпарының тұяғымен сызылған,
Қазақтың бай даласының картасы.

Тәуелсіздік, тәтті үмітім едің сен...

Бостандығым! Тосқан күнім азалдан,  
Жиырма жыл – аспан кірсіз, ажарлы ән.  
Сен келгенде серпілгенмін қайғыдан,  
Сен келгенде сары мұңнан тазарғам.

Ессіздерде есем кетті қаншама,  
Кездерде өтті шындық іздеп шаршаған.  
Тәуелсіздік тәтті үмітім едің ғой,  
Талай таңдар таңдайымда тамсаған.

Беу, Азаттық! Болсаң бізге баянды,  
Аранына кетпей тұрып аярдың.  
Бодан болып көз ілгенмін кеше мен,  
Бүгін таңда бостан болып ояндым..

Жебесімін көбе бұзар түркінің,  
Егесімін күллі түркі жұртының.  
Назарына түспесе де дұшпанның,  
Жанарыма тұнған шықты іркідім.

Буырқанса, күнді тұтып, ай жапқан,  
Намысының найзағайын ойнатқан.  
Ұлы көштің үзілмеген арқауы,  
Қарға бойлы Қазтуғаннан – Қайратқа.

Дастаным бар балбал тасқа қашаған,  
Аспаным бар ала бұлттан босаған.  
Асылына ие болған Алаштың,  
Айналайын менің алтын босағам.