Жаңалықтар

Республика егіншілері дәнді дақылдар бойынша рекордтық көлемде өнім жинады

Ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды салаларының бірі. Бүгінде халықтың 37%-дан астамы ауылдық жерлерде тұрады, ал ауыл шаруашылығы өндірісінің даму деңгейі қазақстандықтардың көпшілігінің әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Бұл туралы Primeminister.kz сайты мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

 

Биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын табысты жүргізуге қажетті барлық жағдай жасалды. Президент тапсырмаларын орындау аясында агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қаржыландырудың қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгені құрап, бұл қаражат егіншілерге тікелей несие беру, пайыздық мөлшерлемені төмендедіп, форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қолайлы күзгі ауа райы егін жинау кезіндегі жауын-шашынға қарамастан, науқанды айтарлықтай шығынсыз өткізуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, республика егіншілері дәнді дақылдар бойынша рекордтық көлемде өнім жинады: орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер, 26,7 млн тонна астық бастырылды. 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га құраған болатын. Сонымен қатар 3,2 млн тонна майлы дақыл (өнімділік 10,9 ц/га), 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.

Агротехнологияларды дұрыс қолдану, сапалы тұқымдар, минералды тыңайтқыштар және өсімдіктерді тиімді қорғаудың арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізілді.

Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жалғасын табады. Президент тапсырмалары бойынша әзірленген Жол картасы аясында 2024–2028 жылдар аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндеті қойылды. Жалпы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 2030 жылға қарай бидай өнімділігін гектарына 20 центнерге дейін арттыру жоспарланып отыр. Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға арналған көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру биылдың өзінде басталып кетті.

Астық қабылдау

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды. Атап айтқанда, қолданыстағы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында – 12,7 млн тонна, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде – 17,4 млн тонна астық сақталады. Көрсетілген қуаттылық көлемі өткен жылдардан қалған қорларды ескере отырып, жиналған өнімді сақтауға жеткілікті.

Астық қабылдау кәсіпорындарына шамамен 7,9 млн тонна астық тапсырылды, оның 5,7 млн тоннасы – бидай. Қалған астық егіншілер қоймаларында сақталуда. Қазіргі уақытта лицензияланған элеваторлар жүктемесі 44%-ды құрайды. Жаңа өнімді қабылдау үшін элеваторларды босату мақсатында астықты тасымалдау және өткізу жұмыстары жалғасуда. Тамыз айынан қарашаға дейін 3,5 млн тонна астық тасымалданды.

Егіс алқаптарын әртараптандыру

Қазақстан ауыл шаруашылығының үлкен әлеуетіне ие, бұл еліміздің әртараптандырылған және инклюзивті экономикалық өсуіне ықпал ете алады. Негізгі артықшылықтарының бірі – кең байтақ аумақ, халық тығыздығының төмендігі және үлкен ауыл шаруашылығы жерлерінің болуы. Республикада өндірісті сұранысқа сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ өсірілетін дақылдардың биологиялық қажеттіліктерін жергілікті агроклиматтық және табиғи жағдайларға неғұрлым көбірек сәйкестендіруге бағытталған ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша шаралар қабылдануда.

2024 жылы жалпы егіс көлемі 23,3 млн гектарды құрады, оның 21,1 млн гектары – жаздық егіс. Өткен жылмен салыстырғанда бидай алқабы 560,9 мың гектарға қысқарып, 13,1 млн гектарды құрады. Майлы дақылдар көлемі 135,5 мың гектарға ұлғайып, 2,9 млн гектарға жетті.

Сонымен қатар қант қызылшасы алқаптарын (5,5 мың гектарға арттырып, нәтижесінде 25,2 мың гектарға дейін) ұлғайту және ылғалсүйгіш дақылдар: мақта (10 мың га) және күріш (2,2 мың га) алқаптарын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Нәтижесінде, қысқартылған алқаптарда әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдардың егіс алқаптары артады. Сондай-ақ өңірлерде берік жем-шөп базасын құру мақсатында жемдік дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Өнімдерді өткізу

Қазақстан жыл сайын 8-9 млн тонна астық экспорттайды, оның ішінде 6,5-7,5 млн тоннасы – бидай. Экспорт географиясы 40-тан астам елді қамтиды. Дәстүрлі нарықтар – Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис. Биылғы қараша айының соңына дейін 6,3 млн тонна астық экспортталды. Жаңа өнімді экспорттау көлемі 2,37 млн тонна, бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық.

Өзбекстанға жеткізілімдер көлемі 42%-ға өсіп, 944 мың тоннаны құрады, өткен жылы бұл көрсеткіш 665 мың тонна болған еді. Тәжікстанға жеткізілім 2023 жылғы 254 мың тоннадан 49%-ға артып, биыл 377 мың тоннаға дейін жетті. Қытайға экспорт көлемі 17%-ға артып, 355 мың тоннаға жетті (өткен жылы 304 мың тонна), Ауғанстанға жеткізілімдер көлемі 71%-ға ұлғайып, 115 мың тоннаны құрады (өткен жылы 67 мың тонна болған). Иранға экспорт көлемі 30 есеге дейін – 10 мың тоннадан 299 мың тоннаға артты.

Биыл экспорттық әлеует 12 млн тоннаға жетеді деп болжануда. Негізгі нарықтар – Орталық Азия елдері, Қытай, Ауғанстан, Италия және басқа елдер. Сондай-ақ Әзербайжан, Ауғанстан (Түркменстан арқылы транзитпен), Иран, Ирак, Солтүстік Африка елдері мен Еуропалық Одаққа Қара және Балтық теңіздері арқылы жеткізілетін астықты 2 млн тоннаға дейінгі көлемде тасымалдауды ұйымдастыру мәселесі пысықталуда.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту

2024 жылы 7 жыл мерзімге жылдық 5%-дық мөлшерлемемен 120 миллиард теңгеге ауқымды жеңілдікті лизинг бағдарламасы іске қосылды. 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша шаруалар 212,9 млрд теңгеге 9 887 техниканы лизингке алды, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артық.

Келесі жылы жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 200 млрд теңгеге дейін, ал Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бағдарлама бюджетін 450 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуда оң өсу динамикасын қамтамасыз етеді.