Алматыда цифрлық жобаларды дамыту қаржыландырылады
2025 жылы Алматыда цифрлық жобаларды дамытуға 16,3 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр. 2025–2027 жылдарға арналған бюджет жобасы алдағы Мәслихат сессиясында қаралады. Бұл туралы қалалық Мәслихаттың баспасөз қызметі мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz
2025 жылы жаңа бюджет аясында қаражат халық көп жиналатын орындар мен «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешеніндегі 6 мың камераны техникалық қызмет көрсетуге бағытталады деп жоспарланып отыр. Бұл кешендердің жұмысы нәтижесінде мегаполисте жол-көлік оқиғаларының саны 17%-ға, ал жол апатынан қаза тапқандар саны 40%-ға азайған. Қазіргі уақытта қалада осындай 1 641 кешен жұмыс істейді. Биылғы жылдың 9 айында Алматыда 3 млн-нан астам құқықбұзушылық тіркелген, оның ішінде 18,7 млрд теңгеден астам айыппұл бюджетке өндірілді.
Сонымен қатар, мегаполисте «Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі» жобасын іске асыру жалғасуда. Қазіргі таңда жүйеге 45,2 мың бейнекамера қосылған, олардың ішінде 616 мемлекеттік және 240 жеке нысан бар. Келесі жылы олардың саны 70 мыңға дейін артады. Жобаның негізгі мақсаты – қаланың барлық бейнебақылау камерасын біріктіру үшін бірыңғай платформаны енгізу. Бұл бейнеағындарды нақты уақыт режимінде талдауға және оларды түрлі міндеттер үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект алгоритмдері адамдардың топталуын анықтауға, олардың мінез-құлқын талдауға, төбелес, күдікті заттар, адамдар мен көліктерді іздеуге, сондай-ақ өрт пен түтінді тануға мүмкіндік береді.
Келесі жылы коммуналдық қызметтер мен қалалық сервистердің мәселесін шешуге бағытталған жаңа бейнеаналитика түрлерін іске қосу жоспарланған. Олар қоқыс тасталған аймақтарды анықтау, қоқыс контейнерлерінің толу деңгейін бақылау, қоғамдық орындар мен көшелердегі су басу деңгейін бағалау, бұралқы жануарларды анықтау және тағы басқа мәселені қамтиды.
Айта кетейік, «Азаматтар көп жиналатын орындарда бейнемониторинг жүйесі» жобасы аясында биылғы жылдың соңына дейін 6 мың камера орнатылады.
Бұған қоса, бюджеттен бөлінген қаражаттың бір бөлігі қаланың барлық қызмет белсенділігін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін Қалалық ахуалдық орталықты одан әрі дамытуға жұмсалмақ.