Коронавирус: қашықтықтан оқыту – ең қауіпсіз әрі ең тиімді әдіс

19 Наурыз, 2020 81 0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде коронавирустық инфекцияға қарсы мәжбүрлі шара ретінде төтенше жағдай режимін енгізгенінен хабардарсыздар.

Бұл жүйені қазақстандық ЖОО жедел іске қосып, барлығы 16 наурыздан қашықтықтан оқыту режиміне ауысты. Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы да әлемдік пандемияның қауіп-қатерін ескере отырып, студенттермен тек онлайн сабақ өткізуге кіріскен. Бірнеше күннен бері үйлеріне қайтқан студенттер үйде отырып сабаққа қатысып, уақытылы тапсырма орындап, білім алуда. Яғни, Алматы қаласындағы карантинге қарамастан, оқу процессі кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Оқытушылар әр түрлі коммуникация құралдарды, яғни – әлеуметтік желілерді, уотсапп, скайп желілерін пайдалана отырып студенттермен хабарласуы тиіс. Сондай- ақ қашықтық форматта бақылау жүйесі жұмыс істеп тұр. Онлайн-оқыту режимі педагогтар мен студенттерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Педагог үшін-бұл тікелей функционалдық міндеттері мен оқытушылық борыштарын орындау. Ал, студенттер үшін- кәсіби білім алу. Осы орайда, уақытша қашықтықтан оқыту жүйесі екі тарапқа да ешқандай қолайсыздық тудырмағанын және студенттер бұл жүйеге тез машықтанып алғанын атап өткен жөн. Мәселен, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Дариға Асқар онлайн сабақтардың да өзіндік ерекшеліктері мен пайдалы тұстары бар екенін айтады.

«Онлайн сабақтың алғашқы күнінде-ақ жаңа бағдарламаға тез үйреніп алдық. Бұл үшін өте жылдам әрекет еткен Академиядағы мамандарға алғысымыз шексіз. Әдетте, Академиядағы сабағымыз қалай өрбісе, онлайн сабақ та дәл сол уақытта өтіп жатыр. Сабақ жазып алуға, тапсырма орындауға өте ыңғайлы. Оның үстіне, сабаққа барып-келетін уақытымыз да үнемделіп, ата-анамыздың қасында алаңсыз отырмыз. Әйтсе  де, курстастарымызды сағынғанымыз рас. Әлемдік пандемия ауыздықалып, сүйікті оқу орнымызға қайта баратын күнді асыға күтеміз»,- дейді болашақ журналист.

Тегтер: Онлайноқыту, қашықтықтаноқыту, өнеракадемиясы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.