Ахмет Жұбанов атындағы қазақ музыкалық мектеп-интернатының 60 жылдық мерейтойы өтті
Биыл Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ музыкалық мектеп-интернатының ашылғанына 60 жыл толды. Мерейтойға орай ерекше концерт ұйымдастырылды,- деп хабарлайды newsroom.kz
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Халқымыздың біртуар перзенті Ахмет Жұбановтың бастамасымен ашылған білім ордасы бүгінде дарынды балаларды тәрбиелеудің өзіндік дәстүрін қалыптастырған іргелі оқу орнына айналды. Сіздерге қазақтың музыка өнерін дамыту жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да дарынды әрі саналы ұрпақ өсіріп, ел игілігіне аянбай қызмет ете бересіздер деп сенемін», – делінген Мемлекет басшысының хатында.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі байқауларда топ жарып, халқымыздың мерейін асырған мектеп шәкірттерін бүкіл еліміз мақтан тұтатынын атап өтті.
Мерейтойға орай мектептің бірқатар ұстаздарына мемлекеттік марапаттар табысталды.
Мектеп-интернаттан 60 жыл ішінде мыңға жуық музыкант түлеп ұшқан.
Оқу орнында білім алған 800-ден астам өнерпаз халықаралық және республикалық конкурстар мен фестивальдердің лауреаты атанған. Қазіргі таңда мектепте 500-ге жуық дарынды бала білім алуда.