Мәдениет

Алматыда Қазақстандағы ЮНЕСКО мәдени мұраларын қорғау бойынша жоспарлар талқыланды

Абай атындағы ҚазҰПУ-да ЮНЕСКО қорғауындағы Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын қорғау жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті.

Отырысқа облыс әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшелері, сондай-ақ ғалымдар, археологтар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Қатысушылар материалдық емес мәдени және дүниежүзілік мұраны қорғау шараларын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық бағдарламасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Аида Балаева ЮНЕСКО Конвенцияларымен бекітілген міндеттемелерді орындаудың маңыздылығын атап өтті. Министр барлық деңгейлерде үйлесімді жұмыс қажеттігін және материалдық емес мәдени мұраны анықтау мен дамыту дағдылары бойынша кадрларды даярлау үшін білікті сарапшыларды тартудың маңыздылығын айтты.

«Ең алдымен, мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жұмысты күшейтуіміз қажет. Оқыту мазмұнды және пайдалы болуы тиіс. Жедел түрде оқу модульдерін дайындап, өңірлік және орталық деңгейде курстар өткізуге кірісуіміз керек», – деді министр.

Қазақстанның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рүстем Мұзафаров, Қазақстанның Дүниежүзілік мұрасы жөніндегі комитеттің төрағасы Гүлмира Мұхтарова және ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы бойынша Ұлттық комитетінің төрағасы Ғазиза Нұрғалиева қатысушыларға өз жұмыс жоспарларын ұсынды.