Жаңалықтар

Кино – өмір айнасы: «Еуразия» қатысушыларының жүрекке жетер оқиғалары

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің үшінші күнінің қатысушыларымен баспасөз конференциясы өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz

«Жер ана» фильмінің қоюшы-операторы Исмаэль Бланко
Испанияның бос қалып, құрдымға кеткен ауылдары туралы сөз
қозғады. Өмір бойы ауылының шаңын жұтып, дала төсінде емін-еркін
жүрген тұрғындардың күнкөрісі қиындап кеткен. Бұл жерлерде өмір
үшін күресуге тура келеді. Фильмде шөл дала мен мегаполистің
тыныс-тіршілігі, артта қалған күндер мен жайлылыққа толы болашақ
суреттеліп, қарама-қайшылықтар бейнеленген.

«Бұл ауылдардың тұрғындары кәсіби актерлер емес. Олардың бет-әлпеті мен сөйлеу мәнері тарихтан сыр шертеді. Оны ойдан шығару мүмкін емес», – дейді ол.


Қырғыз режиссері Дастан Жапар Рыскелди шынайы оқиға негізінде түсірілген «Шекарадағы мәміле» фильмін ұсынды. Оның туындысы Орталық Азия және түркі елдері байқауына қатысуда.

«Менің ағам құлдықта болды. Бұл 2000 жылдары болған жағдай,бірақ осыған ұқсас оқиғалар әлі де қайталанып келеді. Біз өздерін қорғай алмайтын адамдар үшін осы туралы үн қатуымыз керек», –
дейді режиссер.

Осы фильм арқылы Дастан Жапар Рыскелди бүкіл Орталық Азия елдерінде өзектілігін жоғалтпаған құлдық мәселесіне қатысты жанайқайын жеткізбек.

Татар режиссері Салават Юзеевтің «Ғашықтар тауы» фильмі адам жанының асыл қасиеті махаббат пен әсемдігін жоғалтпайтын табиғаттың киелі екенін бейнелейді. Фильм кейіпкері махаббат сертімен байланысы бар тауды барынша қорғауға тырысады.

«Бұл тау тек табиғаттың көркем сыйы емес. Бұл кейіпкердің адалдығы мен рухани күшінің символы», – деді Салават.


Кинофестивальде ерекше әсер қалдырған фильмдердің бірі – Аруан Анартайдың «Жоқтау» картинасы.

«Сценарий жазу барысында мен әлі де қайғыдан қан жұтып отырдым. Жоқтау игі адамдардың дүниеден өткеніне өкініп, оларды еске түсіру үшін айтылатын сөз ғана емес. Бұл біздің мәдениетіміз, мәңгі мекенге кеткендермен сырласудың жолы», – деді режиссер.