ОДКБ — бұл жай ғана әскери серіктестік емес
Қасым-Жомарт Тоқаев ОДКБ сессиясын ашты,-деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі
Қазақстан Республикасы 2024 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ОДКБ) төрағалық ете отырып, халықаралық және аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды бастамаларды жүзеге асырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл тек әскери серіктестік қана емес, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей механизм.
ОДКБ — бұл жай ғана әскери серіктестік емес. Бұл біздің мемлекеттеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін күш-жігеріміз бен ресурстарымызды біріктіретін бірегей механизм. Қазақстан ОДКБ-ға төрағалық ету барысында мүше мемлекеттер арасындағы тығыз өзара іс-қимылды нығайтуға, дағдарыстық жағдайларға жедел әрекет ету механизмдерінің тиімділігін арттыруға және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге, оның ішінде терроризмге, кибершабуылдарға, трансұлттық қылмысқа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте ұйым мүмкіндіктерін дамытуға баса назар аударды.
Жоспарлы түрде жарғылық органдардың отырыстары, әскери жаттығулар және алдын алу операциялары өткізілді. Сыртқы істер және қорғаныс министрлері ұжымдық қауіпсіздік мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды. Қауіпсіздік кеңестері хатшылары мен парламент басшылары деңгейінде кездесулер өтті. Ұйымның қосалқы және жұмыс органдарының кеңестері өткізілді. ОДКБ-ның әртүрлі бағыттарындағы қызмет бойынша бірқатар консультациялар жүргізілді. Сессияаралық кезеңде халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлер мен сын-қатерлерге қарсы әрекет ету мәселелерін қамтитын бірқатар маңызды құжаттар қабылданды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындыққа ерекше назар аударылды. Бүгін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тиісті мәлімдемесі назарларыңызға ұсынылады. Жалпы, Қазақстан Республикасы төрағалық еткен кезеңде ОДКБ алдында тұрған барлық міндеттер орындалды. Біздің басымдықтарымызды іске асыруға қолдау көрсеткендеріңіз үшін және бірлескен нәтижелі жұмыс үшін зор алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер.
Құрметті әріптестер, қымбатты достар, бүгін біз халықаралық және өңірлік жағдайды талқылап, оның ОДКБ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсерін бағалаймыз. Сондай-ақ, ОДКБ шеңберіндегі ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттары бойынша атқарылған жұмыс туралы ақпарат тыңдап, өткен кезеңдегі қызметімізді қорытындылаймыз.
Төрағалық құқығында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясының ашылғанын жариялаймын. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының отырысы ашық деп жарияланды. Енді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қатысқаны үшін алғыс білдіремін. Әрі қарай жұмысымызды шағын құрамда жалғастырамыз,- деді мемлекет басшысы