Жаңалықтар

Парақорлыққа барған қытайлық басшы өлім жазасына кесілді

Қытай банкінің бұрынғы басшысы Лю Лянге парақорлық жасағаны үшін өлім жазасына кесілді

Халық соты сотталушының барлық жеке мүлкін тәркілеу және саяси құқықтарынан айыру туралы үкім шығарды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу барысында Лянге пара ретінде 17 миллион доллар алғаны анықталды,-деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

2023 жылдың қазан айында Қытай банкінің бұрынғы басшысы қамауға алынды. Оған пара алу және заңсыз несие беру айыбы тағылған. Тергеу нәтижесінде Лянгенің жалпы құны 3,3 миллиард юань болатын несиелерді заңсыз рәсімдеуге қатысы бар екені дәлелденді.

Қытайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқан аясында құқық қорғау органдары осы жылдың басынан бері 589 мың адамды жауапқа тартты. Бұл туралы Қытай Коммунистік партиясы бұған дейін мәлімдеген болатын.

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты жазалар күшейіп жатыр. Мысалы, қыркүйекте Гуйчжоу провинциясының Цяньшань префектурасының бұрынғы губернаторы Чжон Янг 13 жылға бас бостандығынан айырылып, оған 141 мың доллар айыппұл салынды. Тергеу барысында ол қарамағындағы 58 қызметкермен сыбайлас байланыс орнатып, 8,5 миллион доллар көлемінде пара алғаны анықталған.

Қытай билігі жемқорлықпен күресті күшейтіп, лауазымды тұлғалар арасында заң бұзушылықтарды жоюға ерекше көңіл бөлуде.