Саяхаттаудың пайдасы қандай?
Саяхаттаудың адамға тигізер пайдасының тізімін назарға ұсынамыз,- деп хабарлайды newsroom.kz
Тіл үйрену
Саяхаттау адам жанына тыныштық сыйлап ғана қоймай, оған тіл үйрену секілді жаңа мүмкіндіктер жолын ашады. Тіпті, кейбір туристер тіл үйренуге немесе үйренген тілін шетелдіктермен сөйлесу арқылы жетілдіру үшін саяхатқа шығады.
Жалпы, тіл үйренудің ең тиімді тәсілі – бұл сол тілде сөйлейтін адамдардың ортасында болып, олармен күнделікті қарым-қатынаста болу екені сөзсіз. Ал, саяхсат бұл тұрғыда сізге көп көмегін тигізеді.
Дәстүр айырмашылықтарын сезіну
Шет мемлекте бару арқылы өз халқың мен өзге халықтардың өмір салтының айырмашылығын байқауға болатын таптырмас мүмкіндік. Саяхатқа шыққан жан сол өлкенің тыныс-тіршілігімен, тарихымен, дәстүрі және менталитетімен таныса алады.
Ізденіс үстінде жүрген туристер сапар барысында әр халықтың өзіне тән жақсы тұстарын бойына сіңіреді. Мысалы, белгілі бір халықтың дағдысын, ас дайындау әдістерін тіпті күнделікті тұрмыста қолданатын әдеттерін үйренуге. Соның арқасында адамның ойлау қабілеті өзгеріп, көкжиегі кеңейеді сөзсіз.
Табиғат
Табиғат аясындағы демалыс адам жанын рахатқа бөлейді. Таулар, теңіздер, жанартаулар мен ну ормандарды көзбен көру жан баласына эстетикалық ләззат сыйлайды. Айтарымыз табиғатпен танысу — саяхаттаудың маңызды себептерінің бірі.
Жаңа достар, жаңа орта
Сапар - әрқашан жаңа достармен таныстырады. Көшеде кафе немесе жол сұрауға тоқтатқан адамдар кейде тіпті өмірлік досқа айналып жатқан жағдайларды да естиміз. Қонақжай халықтардың жайдарлы адамдарымен кездессеңіз жаңа орта табу ықтималдылығы да жоғарылайды. Бұл өз кезегінде әр елде кем дегенде бір таныс табуға көмектеседі.
Тағамдар
Георгафиясы мен орналасуынан бөлек, тарихына қарай әр елдің тамақтануы да ерекшеленеді. Мысалы, пицца мен пастаны сүйсеңіз Италияға, суши мен теңіз тағамдарын қаласаңыз Жапонияға, ет тағамдарынан татқыңыз келсе Азия мемлекеттеріне сапар шексеңіз болады. Сусындармен де солай. Грузияға саяхаттайтын жандарға жергілікті тұрғындар грузин шарабын ұсынары анық. Ал, бұл өз кезегінде сізге сапардың тек сәтті болуын ғана емес, сондай-ақ тәтті болуын қамтамасыз етеді.
Өзіңізді табу
Саяхат - өзін-өзі дамытудың ең жақсы тәсілі. Сапарларда сіз еркіндікті сезінесіз, әдеттегі өмірде жасамаған нәрсені жасайсыз. Әр түрлі елге барған сайын сіз толерантты және төзімді болуды үйренесіз. Адамдардың ұлты, діні мен тілі маңызды емес екенін түсінесіз. Адами қасиеттерді бағалап үйренесіз. Өзіңіздің бойыңыздағы жаңа қырларыңызды ашасыз. Күнделікті тұрмыстың бітпейтін шаруасы мен тұңғиыққа батыра беретін ойларынан құтылып, әлемге жаңа көзқараспен қарай бастайсыз. Бұл өз кезегінде өзіңді дамытуға көмектеседі.