Мәдениет

Президент: «Еуразия» кинофестивалі үздік жобаларға жол ашады деп сенемін

Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды newsroom.kz

Мемлекет басшысының құттықтауын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

«Бұл – төл мәдениетімізді күллі әлемге танытатын бірегей жоба. Биылғы байқау қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Кино өнері жұртшылықты жасампаздық пен жаңашылдыққа шақырады, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеп, ұлт сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ түрлі халықтың мәдени байланысын нығайтады», – делінген құттықтау хатта.

Мемлекет басшысы елімізде ұлттық кинематографияны қолдауға баса мән беріліп отырғанын да атап өтті.

«Осы саланы дамыту үшін Қазақстанда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мамандарымыз мазмұнды әрі мағыналы картиналар түсіріп, аға буынның сара жолын лайықты жалғастырып келеді. Фильмдеріміз беделді байқауларда жүлде алып жүр. «Еуразия» халықаралық кинофестивалі шын жүйріктерді анықтап, ең үздік жобаларға жол ашады деп сенемін. Көрерменге ой салып, рухани азық болатын туындыларыңыз көп болсын!» – деді Президент.

Айта кетелік, халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 24-30 қараша аралығында өтеді. Фестивальге 15-тен астам ел қатысып жатыр.