Жаңалықтар

1,5 миллион теңге пара алып, жұмысқа кіргізді: ҚТЖ қызметкері сотталды

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС "Батыс" филиалы Жем пайдалану локомотив депосының бастығы 1,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталды

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық соты "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС "Батыс" филиалы Жем пайдалану локомотив депосының бастығына қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Newsroom.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

"Ол локомотив депосының кадрлар жөніндегі делдал-менеджері арқылы адамды тепловоз машинисінің көмекшісі лауазымына орналастыру үшін 1,5 миллион теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сол үкім бойынша, делдал 1 жылға 6 айға бас бостандығынан айырылды, пара берген адам және оның көмекшісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.