Жаңалықтар

Ардагерлер қазіргі уақыт белдеуін қолдап, премьер-министрге хат жазды

Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі бүгінгі уақыт өлшемін қолдайтынын мәлімдеп, премьер-министр Олжас Бектеновке хат жазды,- деп хабарлайды newsroom.kz

"Жалпы, уақыт өлшемі кез келген елдің өзінің географиялық орналасу жағдайына сәйкес келетіні айқын. Мүмкін, ол кейбір елдердің өмір сүру мазмұнына тиімді болмауы да ғажап емес. Бұл – Шығысы мен Батысы зор алып аймақта орналасқан Қазақстан сияқты алып елге өте тиімді. Жылдың 365 күнінің басым бөлігінде  күн көзі жарқырап тұратын елімізде ол тиімділігін  көрсетіп отыр. Ол туралы  мамандар өз зерттеулерінде айтты. Оның тиімділігі неде?

Біріншіден, біздің еліміз аграрлы ел болғандықтан уақыт белдеуі аймақтардың  өсіп-өркендеуіне, өндіріс орындарын дамытуға кедергісін келтірмейтінін  ескеруіміз керек. «Көктемнің бір күні – жылға азық» демекші, көктемнің ерте шығуынан дән себуге қамданатын диханшы қауымға бұл уақыт өте қолайлы болып тұр. Сондай-ақ, қазіргі жаһандық және ішкі сын-қатерлер тұрғысынан және өндіріс ошақтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да ықпалын арттыратыны анық. Осы ретте  тұрақты экономиканы  құруға және  жұмыс орындарын қайта құрылымдау мен халықтың қалыпты өмір сүру денгейін көтеруге зор үлес қосатыны тағы бар.  Бұл тұста орнықты даму мақсаттарының орындалу мазмұнын өзгертуге де игі ықпалын тигізетіні  анық.

 Екіншіден, ұлт денсаулығы аса маңызды мәселе. Уақыт өзгерісі ең біріншіден, адамдар денсаулығын сауықтыруға өте ыңғайлы.  Халықтың жылдар бойғы қалыптасқан уақыт өлшемінің ауысуы адамдардың уақытын тиімді пайдалануына оңды  ықпал етуде. Уақыт өлшемі  жасөспірімдер мен жас ұрпақ  санасындағы дағдырысты жеңуге де пайдасын тигізуде.  Оны еліміз дәрігерлері де дәлелдеп отыр.   Адамдардың өзін-өзі тануы мен ішкі үйлесімділігін арттыруға бағыттауда бүгінгі  уақыт белдеуін қолдаушылардың саны арта түскен.

Үшіншіден,  бүгінгі қолданыстағы уақыт өлшемі – әлемдік қауымдастықпен интеграциялық қатынас орнатуға, Еуропа елдерімен нарықтық байланыс жасауға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл маңызды саладағы   тығыз ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы ықпалдастық пен озық технологияларды алмасуға серпін береді. Жер шалғайлығына қарамастан, әлемнің әр қиырындағы туыстарымызбен, бауырларымызбен байланысқа шығуға мүмкіндік береді.

Кез келген адам оны уақыттың тапшылығынан іздейді. Ал бүгінгі уақыт өлшемі соның орнын жабады. Осының бәрін сараптай келе, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі бүгінгі уақыт өлшемін қолдайды"- деп мәлімдеді Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі.