ШҚО тұрғыны зорлау ісі бойынша жалған арыз бергені үшін шартты жаза алды
Кazlenta.kz агенттігі Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны зорлау туралы жалған айыптағаны үшін сотталдғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды newsroom.kz.
ШҚО прокуратурасы жеке тұлғаға қатысты қылмыстық істер бойынша қабылданған процессуалдық шешімдердің заңдылығын тексеру барысында зорлау туралы қасақана жалған арыз берген факті анықталған.
Арнайы прокурорлар жүргізген тергеу барысында, биылғы ақпан айында «Ш» есімді азаматша өз танысы «К»-мен бірге пәтерде алкогольді ішімдіктерді ішіп отырып, өз еркімен жақын қарым-қатынасқа түскені анықталған. Алайда келесі күні ол құқық қорғау органдарына жүгініп, оны зорлады деп жалған мәлімдеме жасаған.
Осы әрекеттерінің салдарынан кінәсіз адам қылмыстық қудалауға ұшырап, Өскемен қаласы полиция басқармасының ресурстары жалған қылмысты тергеуге жұмылдырылған.
Тергеу нәтижесі бойынша, "жалған жәбірленуші" ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы 3-бөлігіне сәйкес (ауыр қылмыс туралы жалған арыз беру) қылмыс жасағанын толық мойындап, кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасасу туралы өтініш білдірген, деп хабарлады прокуратура өкілдері.
Өскемен қаласының №2 сотының үкімімен «Ш» аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл шартты жаза тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.