Климаттық өзгерістер бидай өсіруге қатер төндіруде, – министрлік
Ауыл шаруашылығы министрлігі климаттық өзгерістердің ауыл шаруашылығына, әсіресе, бидай өсіміне кері әсерін хабарлады
«Климаттың өзгеруі Қазақстанның негізгі ауыл шаруашылығы секторларына, әсіресе 2050 жылдарға қарай өнімділігі 50%-ға дейін төмендеуі мүмкін бидай өсіруге қауіп төндіреді. Құрғақшылықтың елеулі әлеуметтік-экономикалық салдары бар, сондықтан бүгінгі талқылау осы проблемалардың тиімді шешімдерін табуға көмектеседі», – деп мәлімдеді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Бакуде өткен дөңгелек үстелде.
Дөңгелек үстел БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (COP29) тараптарының 29-шы конференциясы аясында өтті. Шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Қазақстандағы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі байланыстар және әріптестік бюросы ұйымдастырды.
Министрліктің мәліметінше, климаттық өзгерістер су тапшылығы мен құрғақшылықтың артуымен бетпе-бет келген Орталық Азияның ауыл шаруашылығы секторына кері әсерін күшейтуде.
ФАО деректері бойынша, құрғақшылық суармалы егіншілік, мал шаруашылығы және энергетика сияқты салаларға қауіп төндіретін, ауыл шаруашылығындағы шығындардың негізгі себептерінің біріне айналды.
«Аймақтағы құрғақшылықтың жиілігі мен қарқындылығының артуы суды пайдалану тиімділігін, өсімдік өнімділігін және көміртекті сіңіру әлеуетін төмендетеді. ФАО Орталық Азиядағы құрғақшылыққа төзімділікті арттыру үшін зерттеулерді қолдауды және ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда», – деп атап өтті ФАО-ның Табиғи ресурстар жөніндегі сарапшысы Джереми Шликенридер.
Айта кетейік, 2023 жылғы жазда Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі фермерлер, әсіресе Жамбыл облысында, судың айтарлықтай тапшылығына тап болды. Құрғақшылық салдарынан республикадағы алты өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды.