Мажарстанда Қазақстан Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті
Мажарстанға мемлекеттік сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Будапешт қаласындағы Король сарайының Арыстандар алаңында ресми қарсы алу рәсімі өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды.
Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен соң, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Содан кейін Құрмет қарауылы мен салт атты гвардия салтанатпен сап түзеп өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті. Түскі ас форматында өткен кездесу барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын талқылады.
– Қазақстан мен Мажарстан ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты берік байланыс орнатты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған болатын. Екі елдің нәтижелі ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті бар. Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көпқырлы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан мен Мажарстанның ниетті екенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тамаш Шуйок Қазақстан мен Мажарстан географиялық тұрғыдан алшақ жатқанымен, қос халықтың тарихы мен мүддесі ортақ екенін айтты.
– Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан – бүгінде Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Сіздің еліңіз үшін халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты сақтау – маңызды басымдық. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш салып отыр. Біздің мәдени қарым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады. Мажарлар қазақтардың тұрмыс-салтымен жақсы таныс. Алматы қаласының атауы біздің ана тілімізде әуезді естіледі. Өйткені халқымыз алманы «алма» деп айтады, – деді Мажарстан Президенті.