Жаңалықтар

Декларацияны кімдер тапсырады?, - Қаржы министрлігі мәлімдеме жасады

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңі тоқтатылды,- деп хабарлайды Newsroom.kz

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңі тоқтатылды. 2025 жылы сегіз миллион қазақстандық 250.00 нысаны бойынша бастапқы декларацияны тапсырудан босатылады. Алайда өзгерістер тек оларға ғана қатысты емес. Мемлекеттік қызметшілер, бизнес иелері және жеке кәсіпкерлер енді кірістер мен мүліктері туралы 270.00 нысаны бойынша жыл сайынғы декларацияны тапсыруы керек пе деген сұраққа Қаржы министрлігінің өкілдері журналистермен кездесу барысында жауап берді.

Декларацияны кімдер тапсырады?

Ведомствоның мәліметінше, алдыңғы жылдары декларациялаудың үш кезеңіне қатысқандардың барлығы міндетті түрде 270.00 нысаны бойынша жыл сайынғы декларация тапсыруы қажет емес. Қаржы министрлігі заңнамаға өзгерістер енгізуді әзірлеп, жақын арада депутаттардың қарауына жібереді.

Қаржы министрлігі 270.00 нысаны бойынша жыл сайынғы декларацияны келесі тұлғалар ғана тапсыруды ұсынады:

  • Мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар (соның ішінде квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары) және олардың жұбайлары;
  • Банктердің, бағалы қағаздар нарығының қатысушыларының, сақтандыру ұйымдарының ірі меншік иелері және олардың жұбайлары;
  • Коммерциялық ұйымдардың басшылары мен құрылтайшылары (акционерлік қоғамдарда 25% және одан жоғары үлес қатысуы бар) және олардың жұбайлары;
  • Жеке практикамен айналысатын тұлғалар (жеке сот орындаушылары, медиаторлар, адвокаттар);
  • Шетелде мүлкі бар тұлғалар;
  • Жеке кәсіпкерлік кірістерінен басқа, өздігінен салық салынатын кірістер алған тұлғалар;
  • Шетелдік банктерде 1000 АЕК-тен (3,7 млн теңге) астам қаражаты бар тұлғалар;
  • Сол жылы Қазақстанда және шетелде жалпы құны 20 000 АЕК-тен (74 млн теңге) асатын ірі мүлікті сатып алған тұлғалар.

«2022 жылы жүйеге квазимемлекеттік сектордың барлық қызметкерлері (біздің ауруханалар мен мектептер) кірді. Декларацияны мұғалімдер мен медбикелер тапсырды. Енді олар босатылады және жыл сайынғы декларацияны тапсырмайды. Декларацияны тек мектеп директорлары, поликлиника басшылары, "Самұрық-Қазына" басшылары, мемлекеттік сатып алулар бойынша шешім қабылдайтын барлық басшылық лауазымдар тапсырады. Яғни, квазимемлекеттік сектордың қарапайым қызметкерлері үшін жеңілдіктер енгізілуде, олар декларация тапсырмайды», – деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова.

Оның айтуынша, жыл сайынғы декларациялау енді тек «бай адамдар мен мемлекеттік қызметшілер» үшін ғана қалады.

Еске салайық, 19 қарашада Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңін тоқтату идеясын қолдады, оған 8 миллион қазақстандық кірген болатын. Бұл ұсынысты алғаш рет Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қарашада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында айтқан еді.