Президент мемлекеттік қызметтегі сыйақы беруге қатысты пікірін білдірді
Басқа жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын - Президент
Президент мемлекеттік органдардың тиімділігі мен кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті еңбекақы мен сыйақы жүйесінің маңыздылығын баса айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz. Білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту және кадр тұрақсыздығын азайту сыйақы мен жалақыны әділ жолмен көтермейінше мүмкін еместігін атап көрсетті. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы мен кәсібилігін арттырудың негізгі факторы болып табылады.
Жақында мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салынатындығы туралы мәселе қызу талқыланды. Қаржы министрлігі оған тыйым салуға негіз жоқ екенін түсіндіріп берді. Мемлекеттік қызметшілер – елдегі жүйелі өзгерістердің басты жолбасшылары. Олардың табысы айтарлықтай көп емес. Кей кездері түнімен жұмыста отырады. Мемлекеттік қызметшілердің де отбасы мен міндеті, қала берді қарапайым адам ретіндегі қалауы мен жоспары бар.
Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы бәсекеге қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Сыйақы аталған мәселені шешуге мүмкіндік береді. Басқа жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.