Астанада қайырымдылық қордың басшысы 1,5 млрд теңге жымқырды деген күдікпен қамауға алынды
Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге автокөлік сатып алған
ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізілуде,- деп хабарлайды newsroom.kz
Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.
Мәліметтерге сүйенсек, биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.
Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.
Сондай-ақ, бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.