Тұмау– ауа арқылы тез таралатын вирустық ауру. Бұл жұқпалы дерттің алдын алу шараларын білу маңызды. Себебі тұмау өзге ауыр сырқаттарға да себеп болуы мүмкін,-деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.
Тұмаудан сақтану жолдары
1. Вакцинация жасау
Вакцинация – тұмаудан сақтанудың ең сенімді жолдарының бірі. Тұмау вирусы жыл сайын өзгеріске ұшырағандықтан вакциналар да вирустың жаңа штамдарына сай қарсы әзірленеді. Вакцина ауруды жеңіл түрде өткізуге, тіпті оның алдын алуға мүмкіндік береді. Әсіресе егде жастағы адамдарға, балаларға және иммунитеті әлсіз жандарға вакцина алу ұсынылады.
2. Жеке гигиена ережелерін сақтау
Тұмау– адамның қолы арқылы жиі таралады. Сондықтан қолды жиі сабындап жуу өте маңызды. Сондай-ақ көзді, мұрынды және ауызды қолмен ұстамау керек. Антисептиктер мен арнайы дезинфекциялау құралдарын қолдану арқылы инфекцияның таралу қаупін азайтуға болады.
3. Ауру жұқтырғандармен байланыстан аулақ болу
Тұмаудың тез таралуына байланысты ауру жұқтырған адамдармен жақын қарым-қатынаста болмау ұсынылады. Егер жұмыс орнында немесе үйде тұмаумен ауыратын адам болса, маска киіп, бөлмені жиі желдетіп тұрған жөн.
4. Бөлмені желдету және ылғалдау
Жабық бөлмеде вирус тез таралады. Сондықтан үйді немесе жұмыс орнын күнделікті желдетіп, ауаның тазалығын сақтаған дұрыс. Сонымен қатар ауа ылғалдығын 40-60% деңгейінде ұстап тұру – тыныс алу жолдарының шырышты қабаттарын ылғалдандырады. Бұл ағзаның қорғаныс қабілетін арттырады.
5. Маска кию
Қоғамдық орындарда, әсіресе тұмау маусымында маска кию инфекцияның таралуын азайтады. Маска ауыз бен мұрынды жабу арқылы ауадағы вирустардың тыныс алу жолдарына түсуін тежейді.
Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз. Сіздің денсаулығыңыз – сіздің қолыңызда.