Қазақстанда 479 миллиард теңге дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалды
Қазақстанда дәрі-дәрмекпен қамту жүйесін орталықтандыру мақсатында маңызды қадамдар жасалып жатыр.
Бүгін Үкімет отырысында «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Жақатаев бірыңғай дистрибуция жүйесі аясында дәрілік заттармен қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады. Бұл жүйе 2009 жылы Үкімет қаулысымен құрылған, оның басты мақсаты – тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды орталықтандырылған түрде сатып алу, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Жақатаевтың мәліметінше, жүйе қазіргі уақытта 1 213 стационар, 711 емхана және 1 588 атаулы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қамтып отыр. Жүйеде 35 отандық және 34 шетелдік өндіруші, 3 халықаралық ұйым, 55 дистрибьютор, 6 логистикалық провайдер және 14 қойма қызмет көрсетеді.
2024 жылы дәрі-дәрмек сатып алу көлемі 479,9 млрд теңгені құраған. Оның ішінде дистрибьюторлардан - 236,15 млрд, отандық өндірушілерден – 143,92 млрд, шетелдік өндірушілерден – 95,98 млрд, ал халықаралық ұйымдар арқылы 3,89 млрд теңге жұмсалған.