Әйеліне қол көтерген дипломаттың ісі бойынша тергеу жұмысы жалғасуда
Карина Мамаштың жағдайы не болмақ?
Әйелін ұрып-соқты деген айып тағылған дипломат Сәкен Мамашқа қатысты қылмыстық істің тергеу барысы жалғасуда. Бұл туралы Newsroom.kz тілшісі Астана қаласының Есіл ауданы прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы ("Көрiнеу кәмелетке толмаған адамға немесе кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамға, сол сияқты ұрланған не кепiл ретiнде қолға түсiрілген адамға қатысты қинау") бойынша С.Т. Мамашқа қатысты соталды тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта қылмыстық процесті жүргізуші орган қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр, оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады қадағалау органы.
Еске сала кетейік, бұған дейін "НеМолчи.kz" қорының әлеуметтік желідегі парақшасында БАӘ-дегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне күш көрсетіп, соққы астына алатыны туралы ақпарат тараған болатын.