“Нұрикамал” әнінің шығу тарихы қандай?
Ән Тұрдықылыш Ізтаевтың Нұрикамал есімді қызға ғашық болуынан туған екен
«Нұрикамал» әні – ерлі-зайыпты жандардың туындысы,- деп хабарлайды newsroom.kz
Бүгінде ел арасына танылған "Нұрикамал" әнінің шығу тарихы қызық. Әннің сөзін жазған - Ханбибі Есенқарақызы, ән авторы - Тұрдықылыш Ізтаев. Ән Тұрдықылыш Ізтаевтың Нұрикамал есімді қызға ғашық болуынан туған екен. Ән 1988 жылы жарық көрген. Ол кезде отбасының үш баласы болған.
Тұрдықылыш Ізтаев отбасымен. "Хабар" телеарнасының кадры
Ақын Ханбибі Есенқарақызы әннің шығу тарихы туралы Qazaqstan телеарнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасында баяндап берген.
Есенқарақызының айтуынша, ол бір күні жарының пианино жанында отырғанын көреді. Ол кезде өнерпаз жарының Нұрикамал есімді бойжеткенге ғашық болып қалғанын білген. Сол сәтте жарының атынан Нұрикамалға өлең жазып, "Айтқың келгені осы ма еді?" деп, өлеңді күйеуіне әкеліп берген екен.
Сол сәтте қазақ әнінің қоры "Нұрикамал" туындысымен толықты.
Нұрикамал Сейітжанованың жасы кезі
Ханбибі Есенқарақызы басында жары Нұрикамалға ғашық екенін білгенде "Менен қай жері артық?" деп ойлағанын жасырмайды.
"Нұрикамал - өмірде бар лауазымды қызметтегі сұлу бойжеткен. Әуелі "Ол қандай адам, менен артық па?" деп ойладым. Әйелдің барлығында дерлік эгоистік сезім болады. Бірақ көбі жағдайдың байыбына бара бермейді", - дейді Ханбибі Есенқарақызы "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұхбатында.
Бірақ ақын кейін әнге арқау болған Нұрикамалды көріп, жарының талғамына риза болған екен.
"Ол бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді. Осылайша, "Нұрикамал" әні дүниеге келді. Бұл әнді Естайдың Қорланы сияқты бағаладым", - дейді Ханбибі Есенқарақызы.
Нұрикамал кезінде Торғай облысының мәдениет басқармасында, Ақмола облысының мәдениет басқармасында 20 жыл жетекшілік еткен. Кейін Шымкентке облыстық лауазымды қызметке шақырылған. Тұрдықылыш Ізтаев және Ханбибі Есенқарақызымен сол Шымкентте табиғат аясындағы отырыста танысқан.
Айта кетелік, жақында премьерасы болған аталмыш әннің шығу тарихына арналған "Нурикамал" фильмі қалың көрерменге жол тартты. Драма жанрындағы бұл фильмнің режиссері Ернат Байұзақов.