Жаңалықтар

Швециядан бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталған күдікті экстрадицияланды

57 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылып отыр

Бас прокуратура мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстанның Швеция Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен, бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылу мақсатында отанына жеткізілді, - деп хабарлайды newsroom.kz.

Ол 2015–2020 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы сауда орталығында қызмет ете отырып, өзіне сеніп тапсырылған қаражатты – жалпы сомасы шамамен 57 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылып отыр.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті ізін суытып, халықаралық іздеуге жарияланған болатын.

Биыл ақпанда ол Швеция аумағында қолға түсті.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрауы бойынша күдікті елге экстрадицияланып, қазіргі уақытта Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.

Айып тағылып отырған қылмысқа байланысты 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыру жазасы қарастырылған.

Айта кету керек, Швеция Корольдігімен экстрадиция туралы келісім болмағанына қарамастан, бұл іс Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Швецияның Әділет министрлігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асты.

Еске сала кетейік, өткен жылы Швеция тарапы Қазақстанға іздеуде жүрген екі адамды экстрадициялаған болатын, қазіргі таңда олар әртүрлі жаза түрлеріне кесілді.