Жаңалықтар

Прокурор Айжан Аймағанова “Тәртіпті өзіңнен баста!” акциясын бастауға шақырды

Осы 10 жыл ішінде Аналар кеңесі еліміздегі беделді қоғамдық институттардың біріне айналды

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша прокурор Айжан Аймағанова 2024 жылғы 8 қарашада Республикалық аналар форумында сөз сөйледі,- деп хабарлайды newsroom.kz

Ол, алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 10 жылдық мерейтойымен құттықтады.

"Осы 10 жыл ішінде Аналар кеңесі еліміздегі беделді қоғамдық институттардың біріне айналды. Ұйымның өңірлерде өз көшбасшылары мен қолдаушылары қалыптасты. Бүгінде олардың басын біріктіретін бір ғана мүдде бар. Ол – ұлттың саулығы мен тәрбиесі, ынтымағы мен бірлігі". Айжан Аймағанова 

Сондай-ақ, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда аналардың маңызы ерекше екенін атап өтті. 

"Аналар кеңесінің мүшелері әрқашан қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, оны шешуге белсене қатысуда. Оның ішінде құқықтық тәрбие беру мәселесі де бар",- деді ол. 

Бұдан бөлек кейінгі кездері жастар арасындағы құқық бұзушылықтың көбейіп бара жатқандығын айтты. Әсіресе, қоғамның дертіне айналған зорлық-зомбылық, вандализм, бұзақылық фактілері, балаларға қатысты қылмыстардың артуы алаңдатады.

"Мен прокуратура қызметкері ретінде күн сайын осындай істердің куәсімін. Бұл бізге моральдық-психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Бір жағынан ана ретінде аяғын шалыс басқан жастардың болашағына уайымдаймыз, екінші жағынан заңгер ретінде жаның ауырады. Қалай десек те, заңды шешім шығарып, жастарды тура жолға салуға тырысамыз",- деді Аймағанова. 

Осыны айта келе, ол барша аналарды қоғамда құқықтық мәдениетті насихаттауға белсенді атсалысуға шақырады. 

"Осы орайда, Аналар кеңесі аясында"Тәртіпті өзіңнен баста!" қоғамдық акциясын бастауға шақырамын. Оның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үндеу, құқық бұзушылықтар мен тәртіпсіздіктің алдын алу, қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін насихаттау". Айжан Аймағанова

Осы арқылы жастарды құқықбұзушылық кеселдерден аулақ болуға тәрбиелейміз. 

"Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды", — деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. 

Сөз соңында заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылықты биік қоюға әр азамат, әр отбасы өз үлесін қосуға міндетті екенін атап өтті.