Аймақтар

Қызылордада тасқынға тосқын болар шаралар талқыланды

"Біз 2023-2024 жылдардағы су тасқыны кезеңін шығынсыз өткіздік".

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды. Жиынға жауапты министрліктер қатысып, өңір әкімдіктері онлайн байланыс арқылы қосылды, - деп хабарлайды newsroom.kz

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте жауапты сала мамандарына су тасқынының алдын алу, тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бойынша бірқатар тапсырма жүктелді.

«Біз 2023-2024 жылдардағы су тасқыны кезеңін шығынсыз өткіздік. Дегенмен, апат айтып келмейді. Алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, дайын отыруымыз қажет. Сырдария өзенінің қауіпті тұстарын жөндеу, қалпына келтіруді қысқа мерзімде аяқтаңыздар. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қордың толық болуын қамтамасыз ету керек», – деді Н.Нәлібаев

Бүгінде су тасқынының алдын алу мақсатында арнайы құрылған жұмыс топтары қорғаныс бөгеттерін қарап шығып, қауіпті учаскелерді анықтады. Қорғаныс бөгеттерін, 3 нысанды жөндеу-қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 130,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда жұмыс жүргізілуде.

Су қоймаларының жобалық көлемі 34,4 млн. текше метр болса, биыл 12,03 млн. текше метр су жиналып, елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз етуге, шабындықтар мен жайылымдарды суландыруға мүмкіндік туды.
Мемлекет басшысы коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды пайдаланатын, басқаратын мамандандырылған ұйымдарды үш ай ішінде құру туралы облыс әкімдіктеріне тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, «Арна» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі құрылды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» сараптамасының екінші кезеңінен өткізуді тапсырды.