Сараптама

"Менің атымнан қарыз сұрап жүр..."

«Жақында белгісіз біреулер менің телефон нөміріме байланған «ватсап» қосымшасы арқылы таныстарымнан ақша сұрай бастады».

Соңғы кезде алаяққа алданғандар қатары артпаса, кеміп жатқан жоқ, - деп хабарлайды newsroom.kz

Атап айтқанда, өзгенің байланыс мессенджерлері арқылы қарыз сұрау, біреудің атына несие рәсімдеу, басқа адамның төлем картасынан ақша ұрлау деректері күн санап көбейіп келеді. Ендеше, бұған тоқтау салатын жол бар ма, әлде алаяқтар айласын асырып жүре бере ме? Оны қойшы, қазір қарап тұрсақ, аузы күйген адамның өзі де «сорпаны үрлемей іше беретінге» ұқсайды. Осы орайда, біз арнайы журналистік зерттеу жүргізіп көрген едік.... 

Алдымен, біз алаяқтарға алданған атыраулық тұрғын Жанна Қайырғалиевадан жуырда ғана басынан өткен оқиғаны баяндап беруін сұрадық.

«Жақында белгісіз біреулер менің телефон нөміріме байланған «ватсап» қосымшасы арқылы таныстарымнан ақша сұрай бастады. Бұл жағдай шамамен бір айға дейін созылған. Менің бұл жайттан еш хабарым болмады. Бірде достарымның бірі «қарызымды қашан қайтарасыз?» деп аяқтай келіп сұрамасы бар ма? Мәселенің мән-жайынан бейхабар мен ешқандай қарыз алмағанымды айтып, ақталып әлек болдым. Ал, әлгі құрбым екеуміздің жазбаларымызды көзіме бақырайтып көрсеткен кезде не дерімді білмей абдырап қалдым. Сөйтсем, менің атымнан бір емес, ондаған адамның атына сондай хабарлама жазылған екен. Ал, қолдарында ақшасы барлар аянып қалмапты. Солардың ешбірінде бұрын-соңды қарыз сұрап көрмеген мені аяқ астынан жын түртті ме деген күдік те болмаған. Қолдарынан келгенше көмектескен түрлері ғой, қайтсін енді...» дейді кейіпкеріміз. 

Сөйткен ол артынша құқық қорғау орындарына хабарласып, болған жайды бүге-шүгесіне дейін баяндап берген. Бірақ, полицейлер мұндайда алаяқтарды анықтау мүлде мүмкін емес екенін алға тартыпты. Ал, ақша аударылған шот пен телефон нөмірі тіркелмеген немесе жойылған болып шыққан. Сонда, құқық қорғау органдарының қызметкерлері «алаяқты анықтауға мүмкіндік жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртіп отыра бере ме? Егер осылай жалғаса берсе, алаяқтар да өздерінің жазаға тартылмайтынын түсініп, халықты тегін тонай береді ғой?

Құқық қорғаушының да қолы қысқа

– Рас, мойындаймын, алаяқтар күн сайын алдаудың түрлі амалын ойлап тауып жатыр. Әсіресе, интернет-алаяқтық фактілері тек Атырауда ғана емес, бүкіл ел бойынша азаймай отыр. Айталық, былтыр облыста осындай 623 қылмыс тіркелсе, соның тек 77-сі ғана ашылған. Ал, биылдың жарты жылында ғана бұл көрсеткіш 836-ға жетіп отыр. Соның тек қана 102-сі ғана ашылды. Орташа ауыр қылмысқа келсек, оның 44-і ашылып, сотқа жолданды. Мұндай қылмыстардың ашылуы әзірге 7,9 пайызды құрап тұр. Бұл ретте, жасалып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайды. Алайда, алда атқарылар жұмыс та жетерлік. Осы ретте, тұрғындардың өздері де сақтық шараларына бей-жай қарамай, телефонға күдікті смс хабарламалар мен сілтемелер келсе, біздерге хабарласуын сұрар едім. Бұл тек бір ғана үкіметтің немесе полицияның ғана міндеті деп қарамау қажет. «Бірлескен істе береке бар» демекші, қоғамды алаяқтардан ауызбіршілік арқылы құтқара аламыз, - дейді полиция аға лейтенанты Нұрбек Нұғманов бізбен әңгімесінде.   

Айтпақшы, қазір қоғамда кең тараған алаяқтықтың тағы бір түрі бар, бұл – «онлайн қызмет көрсетеміз» деген желеумен құпия мәліметтерге қол жеткізу. Алысқа бармай-ақ, мен өзім де қолыма жалақы тиген бойда телефон арқылы қалай онлайн сауда жасап кеткенімді де аңғармай қаламын. Ендеше, әлгі полицей сөзінің жаны бар. Яғни, халықтың өзінен де кінәрат бар. Тек соны мойындап, салдарымен емес, себебімен күресу керек. 

 «Отбасымның шырқын бұзды»

Бұл ретте, біз тағы бір алаяқтың құрбаны болған азаматша – көпбалалы ана, үй шаруасындағы Назым Алмасбекті сөзге тарттық. Оның оқиғасы өте қарапайым болып шықты!

 «Бірден айтайын, мен үй ішіндегі тірліктен басқасына бас сұқпайтын әйелмін. Жолдасымның жұмыс жасағаны жетіп жатыр. Оның үстіне, бала бағу да – бір жұмыс қой. Осындай тып-тыныш тіршілікті бір ғана телефон қоңырауы бұзды. Сол телефон шырылы бүтін отбасымды шырылдатарын кім білген десеңші?! Содан, тұтқаның арғы жағындағы біреу менің sim-картамның мерзімі өтіп кеткенін және оны ұзарту үшін телефоныма смс-код жіберетінін жеткізді. Мен болсам, ләм-мим деместен сұраған кодын айта жөнелдім. Содан соң әлгі операторсымақ видеоқоңырау арқылы мені суретке түсіріп алғанда да, еш қарсылық танытпадым. Не болса да, мен үшін жұмыстанып жатыр ғой деп ойладым. Соңында алғысымды айтып, ағымнан жарылдым. Ол болса, «сау болыңыз» деп қысқа қайырды. Сөйтіп, арада он күн өтер-өтпестен банктен қоңырау шалды. Ондағылар кредит мерзімі өтіп жатқанын және тезірек төлеу керектігін айтып дабыл қақты. «Үйде бала бағып отырған жанға кім кредит береді?» дегеніме әлгілер болмады. Ақыры, алаяқтарға алданғанымды сол сәтте бір-ақ білдім» деді шарасыз әйел етегін жасқа толтырып.

Осыдан соң ол қазір өз шотын несие алынбайтындай етіп бұғаттап тастаған екен. Керек кезде кері ашып алуға болады. Мұндай функция кез келген банк қосымшасында бар. 

Жалпы, мұндайда қайтпек керек? Мемлекет те осылай аңқау тұрғындарды арамза алаяқтарға алдатып қойып отыра бере ме? Әлде, тығырықтан шығар жолды айтып, мәселені біржақты қыла ма? Қалай болғанда да, алданбаудың да бір амалы бар шығар? Біз мұны экономикалық сарапшы Қуат Қосымбаевтан сұрастырып көрдік. 

– Жалпы, біз қазір таңдай қақтырар технология дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Не ішіп, не киемін деп бас қатырмаймыз. Жұмысты да, сауданы да үйден шықпай-ақ жасай береміз. Адамзаттың ақылы осындай жетістіктерге жеткізіп жатқаны қуантады. Бірақ, кейбір адамдар сол ақылын жаман жолға пайдаланып жатқаны қарын аштырады. Осы орайда, алаяқтар да біз секілді адам екенін, олар да ет пен сүйектен жаралғанын ескеру керек. Небір телеграм-бот пен робот-бағдарламаларды ойлап тапқан да – осы адам баласы ғой. Қазір қоғамжасанды интеллектің жемісін көріп жатыр деп мәз болып жүрміз. Ал, сол игілікті теріс мақсатта пайдаланатын адамдар болатынын о баста ешкім ойламады. Менің айтқым келгені, қандайма бір технологияны іске қоспас бұрын оның қауіпсізідігін ең бірінші кезекте ойлау керек. Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Күні кеше ғана әйгілі «Вонктакте» желісін ойлап тапқан Павел Дуровтың да басы дауға қалған жоқ па? Оның қасында қарапайым халықты алдап соғу түк емес! Міне, сондықтан киберқауіпсіздік мәселесі елімізде ең алдыңғы кезекте тұруы қажет. Бұл – бүгінгі уақыт талабы, - дейді ол. 

Банк қызметкері болып қоңырау шалады

Сонымен, алаяқтарға алданбаудың жолы қандай?

 «Алдымен, банк қызметкері сізге қандай жағдайларда хабарласатынын айтайын. Егер сіз әдеттен тыс немесе ірі көлемде қаржылық транзакция жасасаңыз, банктен лауазымды тұлғалар хабарласуы мүмкін. Бұл – қауіпсіздік мониторингі болып табылады. Егер банкке өтінішпен хабарласқан болсаңыз, банк қызметкері мәліметтерді нақтылау үшін телефон соғады. Ал, алаяқтар ше? Олар ақшаңыз жақында ұрлануы мүмкін деп қауіпті жағдай тудырып, психологиялық қысым жасайды. Қаражат қолды болмас үшін дереу әрекет ету және телефонды қосулы ұстау керектігін айтады. Сондай-ақ, сізге смс-хабарлама жіберу арқылы құпия деректерді, атап айтқанда, бір реттік құписөздерді, карта нөмірлерін сұрайды. Ақыры, манипуляция жасап, белгілі бір шотқа ақша аудару секілді қаржылық операцияларды орындауға сендіреді. 

Мұның бәрі алданбаудың амалдары ретінде айтып жатқан ақыл-кеңестерім деп білерсіз. Енді алданып қалған жандар не істей алады? Олар өздерінің алданғанын сот арқылы дәлелдеуі керек. Сол кезде банк алынған кредитті оның атынан сызып тастайды. Бұдан бөлек, азаматтарымыз әдеттегідей «өзім білемінге» салып мәселені одан сайын ушықтырмай, «102» немесе «109» байланыс нөмірлеріне хабарласып, көмек сұрағаны жөн, - дейді Қ.Қосымбаев.  

Соңғы кезде көп тіркеліп жатқан алдаудың тағы бір түрі – «ватсап» арқылы гиперсілтеме жіберу. Оған өткен адамның барлық мәліметтері алаяқтардың қолына түседі.  Сол сияқты, «немереңіз жол апатына түсіп қалды, оны ауруханаға жатқызып ем-дом жасау үшін шұғыл қаражат қажет» деген желеумен егде жастағы адамдарды алдайтындар да бар. Ондайда зейнет жасындағы жандар да бөтен біреуге ақша аудармас бұрын қырандай қырағылық танытып, мәселенің жай-жапсарына анық көз жеткізіп алуы керек. Тіпті, қазір алаяқтықтың су жаңа түрі – криптовалюталық алаяқтық та пайда болып жатыр. Яғни, алаяқтар азаматтардың цифрлық әмиянына қол жеткізу арқылы ондағы тегін байлықты өздеріне аударуда.