Түрксіб аудандық сотында А. Әпсейтовқа қатысты шартты жаза нақты жазаға ауыстырылды
Өтініш пробация режимі талаптарының бірнеше рет бұзылуына байланысты түсті
Түрксіб аудандық сотында А. Әпсейтовқа қатысты бұрын тағайындалған жазаны нақты жазаға ауыстыру туралы пробация қызметінің ұсынысы қаралды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Алматы облыстық сотына сілтеме жасап.
Өтініш пробация режимі талаптарының бірнеше рет бұзылуына байланысты түсті.
Сотталған азаматтың уәкілетті органға хабарламастан әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерлерге шығып, ол жерде ойын-сауық мекемелеріне барғаны және өзін «Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына жәрдемдесу орталығы» КММ төрағасының кеңесшісімін деп таныстырғандығы анықталды.
Бұдан бөлек, ол өзін Қазақстан Республикасының құрметті азаматы ретінде таныстырып, түрлі іс-шараларға қатысып, телеарналарға сұхбат берген.
«Бұған дейін Әуезов аудандық сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы үкімімен А. ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-бөлігімен (Алаяқтық) кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сот шешімімен пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылды. Шартты жаза нақты жазаға ауыстырылды. Жазаны өтеу мерзімі 2024 жылдың 4 қарашасынан бастап есептеледі», - делінген хабарламада.